Ақтөбе облысының өнеркәсіптік кәсіпорындары 400 млрд теңгеге өнім шығарған

Сәрсенбі, 25 сәуір күні Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және «Цифрлық Қазақстан», «Туған жер» бағдарламаларының жүзеге асырылуы туралы облыс әкімдігінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға депутаттар, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Жиын алдында делегация Темір ауданының дамуымен және аудандағы ауылды және кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының іске асуымен танысып, сонымен қатар «Бақыты бала» акциясына қатысты.

- Әр ауданның өз әлсіз және күшті жақтары бар. Біз аудандардың әртүрлі салаларда бір-бірінің оң тәжірибесін алмасуы үшін көшпелі отырыстар өткіземіз. Тәжірибе алмасу заманауи жағдайда тиімді жұмыс істеу үшін қажет, - деді кездесудің ашылуында Бердібек Сапарбаев. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов хабарлағандай, есепті кезеңде бюджетке 28,8 млрд. теңге түсті, бұл жоспарланған көлемнен 34,8% артық. Өнеркәсіптің өсуі бірінші тоқсанда 4,2% құрады, 402,3 млрд. теңгеге өнім өндірілді. Атап айтқанда, мұнай, газ, мыс және хром кендерін өндіру, натрийлік дихромат, ферроқорытпа және т.б. өндіру көлемі артты. Облыс экономикасына инвестициялардың көлемі 28,1% -ға өсіп, 59 млрд. теңге тартылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 4,8%-ға (30,1 млрд. теңге) өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 12,7% (17,3 млрд. теңге) өсті. Барлығы 147,9 мың шаршы м. тұрғын үй пайдалануға берілді. Жұмыссыздық 4,8% деңгейінде қалды. 2,9 мың жұмыс орны құрылды. Бердібек Сапарбаев уәкілетті органдар, аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдеріне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының баяулауына жол бермеу жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді.

- Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша біз экономикалық өсудің төмендеуіне жол бермеу туралы Президенттің тапсырмасын толығымен орындадық, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғыға қарағанда жоғары. Қазір біздің міндетіміз - жылдың бірінші жарты жылдығын 5 пайызға дейін арттырып, аяқтау, - деді облыс басшысы. Биыл Ақтөбе облысы «Туған жер» акциясы аясында жалпы сомасы 2 млрд. 866 млн. теңгеге 645 жобаны жүзеге асырады. Бүгінгі күні 121,8 млн. теңгеге 102 жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев хабарлағандай, Байғанин ауданында 3 бөгет 10 млн. теңгеге жөнделді, Қобда ауданында 4,5 млн теңгеге тренажерлар сатып алынды, Мәртөк ауданының Родниковка және Қазан ауылдарында 20 млн. теңгеге балабақшалар ғимараты жөнделді.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында жыл соңына дейін облыстың 32 мың адамы цифрлық сауаттылыққа оқытумен қамтамасыз етіледі. Ақпараттық технологиялар білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде белсенді түрде дамып келеді. Бұл қызмет сапасын жақсартуға және мұғалімдер мен дәрігерлерге жүктемені азайтуға, қағазбен жұмысты жоюға көмектеседі.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтың айтуынша бағдарламаның бірінші кезеңінде биылғы жылғы маусым айына дейін 242 мектеп (85% облыстың оқушылары) 4 Мбит/с дейін жылдамдықпен интернет желісіне қосылады. Осындай жұмыс медициналық ұйымдарда жүзеге асырылады. Сонымен қатар, 109 млрд. теңгеге Ақтөбе қаласының 25 кәсіпорны модернизацияланады және цифрланады. Жиын қорытындысы бойынша Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласының және аудандардың әкімдеріне мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, егін егу науқанын уақытында бастау, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, мал ұрлығының алдын алу, төртінші деңгейдегі бюджеттердің тиімділігі, елді мекендерді жақсартуға назарын аударып, бірқатар тапсырмаларды берді.

                                                                                                                                                           Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі