Ақтөбе облысы Израильмен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Израильдің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Михаэль Бродскиймен кездесті.

Елшіге ықылас білдірген Бердібек Сапарбаев Қазақстан мен Израиль арасын мемлекеттік ауқымдағы қарым-қатынастармен қатар өңірлік деңгейдегі сенімді серіктестік байланыстыратынын атап өтті.

- Израиль мен Ақтөбе облысы арасында бұрыннан қалыптасқан жемісті ынтымақтастықтар мысалы аз емес. Солардың қатарында Израиль Сыртқы істер министрлігі жанындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша «МАШАВ» агенттігімен арадағы белсенді өзара қатынасты атауға болады. Ақтөбе облысы алдағы уақытта да Израильмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделі,- деді облыс басшысы.

Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Ақтөбе облысы Израильмен ғылыми-технологиялық инфрақұрылымдырды дамыту, сапалы медициналық қызмет көрсету, ауыл шаруашылық саласындағы мәселелерге (ауыл шаруашылық жерлерін суару, ауыл шаруашылық кооперативтерін құру және т.б.), «МАШАВ» агенттігімен ынтымақтастықты ілгері дамытуға мүдделілік танытатындығын білдірді.

Сонымен қатар, ШОБ пен «ақылды қала» («Smart city») жүйесін дамытудағы Израиль тәжірибесі де назар аударарлық.

Өз кезегінде Израильдің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі де өзара қарым-қатынасты тереңдетуге ықыласты екенін жеткізді. Тараптар 15 наурыз күні Ақтөбеде еліміздегі бизнес қоғамдастықтарының өкілдері мен ресми тұлғаларының қатысуымен өтетін Қазақстан-Израиль бизнес форумы осы мақсаттың жетістігі болып табылатынына сенім білдірді. Михаэль Бродский мырза форумға израильдің алдыңғы қатарлы компанияларында қызмет ететін ауыл шаруашылығы, медицина салаларындағы, «ақылды қала» технологиясын жасап, енгізген және олардан басқа да бірқатар маман иелерінің қатысатындығын айтты.

- Мен біздің жобаларымызды ұсына отырып, осы жерден серіктес табатынымызға қуаныштымын,-деді елші.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі