Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығының басшысы ауысты

Бүгін облыстың кәсіподақтар активінің кеңейтілген отырысында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев пен Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Марат Тоғжанов «Ақтөбе облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жаңа басшысын таныстырды. Кәсіподақтар орталығының басшысы болып бұдан бұрын облыс әкімінің аппаратын басқарған Алтынбек Әмірғалиев тағайындалды.

Бердібек Сапарбаев кәсіподақтар орталығының жаңа басшысы алдындағы бірқатар міндеттерді белгіледі.

«Елбасы қойған негізгі міндет – еңбек ұжымының заңды құқығы мен мүддесін сақтау, жұмыс орындары мен еңбекақы деңгейін қысқартуға жол бермеу. Осы мәселелер бойынша облыстағы орта және ірі кәсіпорындардың 98%-ымен үшжақты меморандумға қол қойылған болатын. Сол жұмысты жалғастыру керек»,- деді облыс әкімі.

Ол сондай-ақ, кәсіподақ орталығының бұрынғы басшысы Түрікпенбай Айжарықовқа табысты еңбегі үшін алғысын білдірді.

Әмірғалиев Алтынбек Аманұлы 1967 жылы Ақтөбе облысының Қобда ауданында туған. Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институты мен Алматы экономика және статистика институтын бітірді.

Еңбек жолын 1992 жылы Ақтөбе облысының Қобда аудандық қаржы бөлімінің ауыл шаруашылығын қаржыландыру жөніндегі аға маман болып бастады.

Әр түрлі жылдарда Қобда аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі, Қобда ауданы әкімінің орынбасары, Мәртөк ауданының әкімі, Ойыл ауданының әкімі, Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары, басшысы болып қызмет атқарды.

2016 жылдың 11 маусым айынан бастап Ақтөбе облысы әкімінің аппаратын басқарды.

 

 Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі