Ақтөбе облысы мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы бойынша жұмысты күшейтуде

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылу барысы қаралды.

- Біздің басты міндетіміз – Президенттің барлық тапсырмаларын сапалы әрі мерзімінде орындау, - деп атап өтті жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Осы жылдың наурыз айында мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бес әлеуметтік бастаманы атады. Бұдан кейін, «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасы аясында Қазақстанның Ұлттық банкі жаңа «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын бекітті.

Бүгінде бағдарламаны табысты жүзеге асыру үшін Ақтөбе облысында түрлі кәсіпорындардың ұжымдарымен, соның ішінде облыстың барлық аудандарында түсіндірме кездесулері өтіп жатыр.

Жиын кезінде облыс әкімі баспана кезегінде тұрғандар арасында жаңа ипотекалық бағдарлама бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, ол «7-20-25» бағдарламасының қатысушылары болып табылатын жиынға қатысушы екінші деңгейлі банк өкілдерінен қарыз алушыларға барынша қолдау көрсетулерін өтінді.

- Ұзын-сонар бюрократиялық рәсімдерді алып тастау үшін жұмыстаныңыздар. Әлеуетті қарыз алушыға қажет құжаттарды дайындау және берудің барлық кезеңі барынша оңтайландырылуы тиіс, соның ішінде мерзімдері бойынша, - деп атап өтті облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев сондай-ақ, жаңа ипотекалық бағдарлама халықтың әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, құрылыс саласының дамуына да түрткі болатынын атап өтті. Биыл облыс бойынша рекордтық 870 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 8 мың пәтер берілмек. Өз ісін бастағысы келетін азаматтарға шағын несие беру жұмыстарын жандандыру да тапсырылды. Мемлекет басшысы тұрғындарды шағын несиемен қамтуды екі есе арттыру міндетін қойды. Осы мақсатқа облыс бойынша ағымдағы жылы 4,9 млрд. теңге аударылады. Қаражаттың көп бөлігі ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға беріледі. Бұдан басқа, жиын барысында қосымша білім гранттарын бөлу, сегіз студенттер жатақханасын салу, сонымен қатар, елді мекендерді газдандырудың өзекті сұрақтары қаралды. Бүгінде облыс тұрғындарының 88%-ы немесе 752 мың адам көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дастан Амановтың сөзінше, осы жылдың соңына дейін Әйтеке би ауданының Аралатөбе және Хромтау ауданының Жазық ауылдарын газдандыру аяқталады.

Бұдан басқа, жалпы сомасы 6,4 млрд. теңгеге газбен жабдықтаудың 19 жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Солар аяқталысымен 2019 жылы 11 ауылдық елді мекеннің 7 мыңнан астам тұрғынына көгілдір отын қол жетімді болады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі