Ақтөбе облысы мен «Орыс мыс компаниясы» инвестициялық ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Орыс мыс компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Игорь Алтушкин инвестициялық серіктестікті дамыту туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа қол қою рәсімі 2017 жылы 9 қарашада Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық ынтымақтастық форумы алаңында екі елдің басшылары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен өтті.

Атап айтқанда, тараптар қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау саласындағы, никельді терең өңдеу жолымен өнеркәсіптік игеру, сонымен қатар, Ақтөбе облысының кәсіпорындарын жаңғыртудағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде келісті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында Ақтөбе облысы шетелдік инвестицияларды тартуда, соның ішінде ресейлік серіктестермен белсенді жұмыстар атқарып жатыр. ОМК компаниясы өзін жоғары экологиялық стандарттарды ұстанатын жауапты инвестор ретінде көрсетті және облыстың әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Аталмыш жобаны жүзеге асыру салық аударымының өсуін, жаңа жоғары білікті жұмыс орындары мен халықтың өмір сапасын арттыруды білдіреді»,-деді Бердібек Сапарбев.

Аймақ басшысының айтуынша облыс экономикасына құйылатын инвестиция көлемі қол қойылған меморандум аясында кем дегенде 105 млн. долларды құрайды.

«Біз әлеуметтік жауапкершілік аясында бірлесіп жұмыс жасау жөнінде келістік. Келесі жылы ОМК Ақтөбе облысында жеке қаражаты есебінен мүгедек балаларды емдейтін клиниканың құрылысын бастайды. Жалпы компания келісімшарттағы барлық міндеттемелерді орындап жатыр, жұмыс орындарын қысқартуға, қызметкерлердің еңбекақыларын кешеуілдетуге  және төмендетуге жол берілген жоқ»,-деп атап өтті облыс басшысы.

Өз кезегінде И.Алтушкин Ақтөбе облысы Орыс мыс компаниясының негізі қаланғаннан бері келешегі бар өңірлердің бірі ретінде қарастырылатынын атап өтті.

«Бай табиғи ресурстар, облыс басшылығы тарапынан көрсетілетін қолдау мен біздің ресейлік активтер шоғырланған аумақтарға географиялық жағынан жақын болуы біз үшін осы ынтымақтастықты тартымды әрі перспективті етеді. Сондықтан біз жаңа жобаларға салынатын инвестицияларды өсіруге, Ақтөбе облысының кадр әлеуеті мен әлеуметтік саласын дамытуға дайынбыз»,-деп мәлімдеді ОМК басшысы.

ОМК мәліметтері бойынша 2004 жылдан бері компания Қазақстан экономикасына 868 млн АҚШ долларын (оның ішінде 128 млн доллар – ағымдағы инвестициялар) инвестициялаған. Бүгінде компанияның қазақстандық дивизионында 1700-дей адам еңбек етеді, тағы 600-ге тарта адам жергілікті мердігерлік ұйымдарда жұмыс істейді. Ақтөбе облысының бюджетіне құйылатын жыл сайынғы аударым 1 млн АҚШ долларынан асады.

Анықтама үшін:

Орыс мыс компаниясы руда өндіруден бастап мыс өнімдері мен бағалы металлдардың құймасын шығаратын және жеткізетін 13 негізгі кәсіпорынды біріктіреді. ОМК-ның Қазақстандағы негізгі кәсіпорны – «Ақтөбе мыс компаниясы» (АМК). АМК Ақтөбе облысының Хромтау ауданында жұмыс жасайды және мыс пен мыс-мырыш рудаларын өндіруге және өңдеуге мамандандырылған. АМК құрамына жалпы өндіру қуаттылығы жылына 5 млн тонна руда болатын екі байыту фабрикасы кіретін  кен - байыту комбинаты мен «Қазанның 50 жылдығы» және «Приорское» кен орындарындағы екі карьер кіреді.

АМК-ның байыту фабрикаларының өңдеу өнімділігі жылына 5 млн тонна мыс-мырыш рудасын құрайды: жылына шығарылатын қоймалжың мыс - 60 мың тонна, қоймалжың мырыш – 45 мың тонна.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі