Ақтөбе облысы су тасқынына дайындалуда

Ақтөбе облысында көктемгі тасқынның қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» ақпарат орталығында өткен брифингте Ақтөбе облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов хабарлады.

- Бүгінде Ақтөбе қаласы мен облыстағы елді мекендерден 285 мың тонна қар шығарылды. Төтенше жағдайлар департаменті облыстағы қар қоры мен су нысандарының жағдайын үнемі қадағалап отырады. Қазіргі таңда қардың ең үлкен биіктігі Байғанин, Темір, Ойыл және Мұғалжар сияқты оңтүстіктегі аудандарда тіркелді. 1 наурызда жасалған болжам бойынша облыстағы өзендердің сулылығы шамамен, кейде шамадан төмен болады деп күтілуде. 179 шамасы кезінде судың ең көп келуі 240 млн. м3 болады деп күтіліп отырған Ақтөбе су қоймасы бұл тізімге кірмейді,-деді Сыздықов.

Оның айтуынша өткен жылдардағы тәжірибелерді есептегенде өңірде су тасқыны қаупі бар 55 участок бар. Суға кетуі мүмкін деген 38 елді мекенде 13 мыңнан астам адам тұрады. Халықты қауіпсіз жерге көшіру үшін 87 қабылдау бекеті дайындалған.

Жалпы алғанда, облыстың бас құтқарушысының сөзіне сенсек өңірдегі көктемгі су тасқынына дайындық бұдан бұрын бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Облыстық, қалалық және аудандық тасқынға қарсы комиссия құрылып, жұмысқа кірісіп кетті.

Орын алған тасқынды жою үшін 239 тонна жанар-жағар май, 19 мыңға жуық тонна инертті материал, 36,5 мың дана ыдыс-қап және т.б. қор жиналды. Байланыс және хабарлау жүйеларі әзірленді.

 

«Ақтөбе ақпарат» ақпарат орталығы