Ақтөбе облысы әлеуметтік экономикалық дамудың оң динамикасын сақтауда

25 қыркүйек, сейсенбі күні Ақтөбе облысының әкімдігінде өткен жиында өңірдің осы жылғы тоғыз айының әлеуметтік экономикалық дамуыныңалдын ала қорытындысы қаралды.

Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша әлеуметтік экономикалық дамудық барлық негізгі көрсеткіштерінде оң динамика күтілуде, - деп жеткізді экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева. 

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, есептік кезеңнің ішінде өнеркәсіп өсімі 5,2% құрайды деп болжануда. Қаңтар-қыркүйек айларының ішінде барлығы 1,3 трлн. теңгеден астам сомаға өнім өндірілген. Ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі болжам бойынша 167,6 млрд. теңгені құрайтын болады (104,4 %). Ағымдағы айда 75 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 22,1 % көбірек. Бұдан басқа, қыркүйек айының қорытындысы бойынша 39,6 млрд. теңге (109,1%) қаражат тарту жоспарда бар. Биылғы жылдың тоғыз айының ішінде 318 млрд теңге тартылатын болады.

- Басты міндет – қолда бар қор мен әлеуетті пайдалана отыра алған қарқынды сақтап, мемлекет басшысының облыс экономкиасының өсу қарқынын кем дегенде 5 пайыз деңгейде сақтап қалу жөніндегі тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету, - деп атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бұдан басқа, жиын кезінде облыс әкімі энергетика және ТКШ басқармасына көмір бағасын қатаң бақылауда ұстауды және жоғары сауда-саттық үстеме бағаны негізсіз өсірудің жолын кесуді тапсырды. - Бір тонна көмірдің үстеме бағасы 5 мың теңгеге қымбаттаған. Жеткізушілердің мұндай баға қоятындай сонша шығыны жоқ. Табиғи монополияларды реттеу департаментін тарта отыра осы сұрақтың басын ашыңыздар. Қатаң шаралар қолданыңыздар, - деді Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі