Ақтөбе облысы – Қазақстанның бизнесті жүргізу үшін ең тартымды өңірлерінің бірі

Ақтөбе облысында шағын және орта бизнесті дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Бұған өңірдің бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша Қазақстанда екінші орында тұрғанын көрсеткен  «Doing Business» рейтингі дәлел.

«Мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін айтарлықтай қолдау көрсетіп жатыр. Ағымдағы жылы осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 3,3 млрд. теңге бөлінген болатын. Қаражат 240 жобаны қолдау үшін жіберілді», - деп атап өтті Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Астанадағы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің әрекет етуші субъектілерінің саны 50,7 мыңды құрап, 10,9% өсті. ШОБ-пен айналысатындар саны 132,8 мың адамға дейін артты, бұл облыстағы экономикалық тұрғыда белсенді халқының 31%-ы. Бөлшек сауда өсімі 107,9% құрады.

Өңір басшысы сондай-ақ, ШОБ саласының осы жылға қойған тапсырмалары туралы да мәлімдеді.

Атап айтқанда, облыстың ЖӨӨ құрылымындағы ШОБ үлесін 19,4%-дан 21% дейін арттырып, ШОБ субъектілерінің өнім өндіруін 750 млрд. теңге (2016 ж. – 662 млрд. теңге) деңгейіне қамтамасыз ету, бөлшек сауда айналымы көлемін кем дегенде 600 млрд. теңгеге (2016 ж. - 490 млрд. теңге) арттыру жоспарланып отыр.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі