Ақтөбе облысы 2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін 5,3% -ға арттырды

Ақтөбеде 31 қаңтар, сәрсенбі күні ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен агрокластерлерді құру жөнінде жиналыс өтті.

Жиын жұмысына барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары, елдегі ірі ауылшаруашылық құрылымдарының басшылары қатысты. Ақтөбеліктердің аграрлық кластерлерді құру және дамыту тәжірибесін үйренуге келген делегацияның құрамында жүзден аса адам болды.

Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі ауылшарашылығының қазіргі жағдайы туралы баяндамасымен ашты.

«Елбасы Қазақстан халқына жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндетін қойды. Осы мақсатқа жету үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында құны 200 млрд теңгеден астам ауылшаруашылығы өнімі шығарылған, нақты көлем индексі 105,3%-ға өсті. Ауыл шаруашылығын дамытуда бастысы - жерді оңтайлы пайдалану. Біздің облыста ауыл шаруашылығына пайдаланылатын 26,9 млн гектар   жер болса, оның 25,3 млн гектары мал жайылымы, қалғандары - егіндік жерлер. Жерді тиімді пайдалану үшін біз жыл сайын түгендеу жұмыстарын жүргіземіз. Былтырдың өзінде 7,8 млн. гектар жер инвентаризациядан өткізіліп, нәтижесінде 400 мың гектар жер айналымға енгізілді»,-деп мәлімдеді облыс әкімі.

Ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру үшін тұқымдық материалдардың сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында есептік кезеңде минералды тыңайтқыштарды пайдалану 2,5 есе көбейді. Бұдан басқа, егіс алқабы 12%-ға 656 мың гектарға дейін кеңейді, егіс алқабын жыл сайын 15% кеңейтіп тұру жоспарда бар.

«Нәтижесінде түсім гектарына 13,2 центнерді құрады, бұл біздің өңір үшін рекордтық болып табылады. Барлығы 512 мың тонна астық жиналды. Өңірде мұндай көрсеткіш көптен бері болмаған»,-деп жалғастырды Бердібек Сапарбаев.

Ірі қара мал басы 5,1%, жылқы 6,1%, қой-ешкі 3,1%, түйе 1,8% өскен.

«Өңірдегі қорды есепке алсақ, мал шаруашылығының өсу қарқынын қанағаттанарлықсыз деп санауға болады. Бұл мәселені шешу және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін  «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» және «Ырыс» мемлекеттік бағдарламаларының ресурстарын пайдалану белсенді түрде жалғасатын болады»,-деп атап өтті облыс әкімі.

Ол сондай-ақ, мемлекет басшысының ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттауды арттыру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы да айтып кетті.

«Өкінішке қарай, 2017 жылы біз экспорт көлемін арттыра алмадық. Қой етін көбінесе Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктеріне жіберіп отырдық. Қазір басқа елдермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. 117 мың тонна астық алыс-жақын шетелдерінің он еліне экспортталды. Осы бағыттағы жұыстар жалғасатын болады. Биыл біз ауылшаруашылығы өнімінің экспортын 40%-ға өсіруді жоспарлап отырмыз», -деді Бердібек Сапарбаев.

Өңірде шикізат өңдеуді арттырудың кешенді шаралары қабылданып жатыр. Өткен жылы ет өңдеу 38,1%, сүт - 37,1% құрады, бұл 2016 жылға қарағанда 6% жоғары. Осы жылы ауылшаруашылығы өнімдерін 45%-ға дейін өңдеу жоспарлануда.

Өңір басшысы сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешеніндегі жаңа технологияларды трансферттеу тақырыбын да қозғады.

«Біз Президенттің цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық. Жаңа технологиялар «Актеп» және «Айс» сынды алдыңғы қатарлы мал шаруашылығы фермаларында белсенді түрде енгізіліп, егін шаруашылығында ауыл шаруашылығы дақылдарын егу және жинау үшін қолданылуда. Бұдан басқа, «ақылды» суғару, минералды тыңайтқыштарды бақылау және зиянкестерді жоюға арналған зияткерлік жүйелерді енгізу жұмыстары жүргізілуде. Біз, сондай-ақ, ауылшаруашылық ғылымдарын дамытып, еліміздің жоғары аграрлық оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс орнатып жатырмыз», -деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Аймақтағы 188 шаруа қожалығы ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерімен айналысады. Олар, негізінен, ешкі сүті мен бал өндіріп, балық өсіреді, құлпынай және таңқурай егеді. Сонымен қатар, 198 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Алдағы мақсат - ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындарында шағын және орта шаруашылықтар мен кооперативтерді дамытудың тиімді жүйесін құру болып табылады. Өңірдегі осындай ынтымақтастықтың жақсы үлгісі ретінде бүгінгі күні жанында 357  шаруашылық жұмыс істейтін «Актеп» ЖШС  атауға болады.

Бердібек Сапарбаев өңіраралық кооперацияны одан әрі нығайту мәселелеріне тоқталды. Атап айтсақ, биылғы жылы Ақтөбе облысы республиканың басқа өңірлерімен арадағы сауда көлемін 20% -ға арттыруды көздеп отыр.

Сөзін қорытындылай келе, облыс әкімі ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевке Үкіметтің көмегі мен қолдауын қажет ететін мәселелерді алға тартты. Олардың арасында аймақтағы суармалы жерлердің аумағын одан әрі кеңейту, «Болашақтың ауылы» жобасына және «Мал биржасы» пилоттық жобасына қолдау көрсету, сондай-ақ қазақстандық өнімдерді экспорттауға қосымша қолдау тетіктерін әзірлеу туралы ұсыныс білдірді.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі