Ақтөбе орталығында этноауыл тұрғызылады

Ақтөбеде Тұңғыш Президент атындағы саябақ аумағында этноауыл болады. Оның аумағында этномәдени стиліндегі мәдени орталықтар мен мейрамханалар орналастырылмақ. Бұл жерден Ақтөбе тұрғындары мен қала қонақтары түрлі халықтардың әдет-ғұрыптарымен және мәдениетімен танысып, ұлттық тағамдардың дәмін біле алады.

Жоба Алғыс күніне орай ұйымдастырылған «Алғысым шексіз өзіңе» атты салтанатты шара аясында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа  таныстырылды.

Мерекелік шараға мыңнан аса ақтөбелік белсене қатысты. Олар - Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, ардагерлер, студенттік жастар және басқалар.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген өңір басшысы бұл мерекені Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында ұсынғанын еске салды.

- Алғыс айту күні Елбасымыздың бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатына куә болып, соның арқасында әлемдік қауымдастық мойындаған қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірліктің бірегей үлгісі айқын көрінеді. Алғыс сезімі барлық қазақстандықтарға тән. Біз ата-бабаларымызға, ата-аналарымызға, ардагерлерімізге шексіз алғысымызды білдіреміз. Олардың арқасында біз 130-дан астам этникалық топ өкілдері үшін Отанға айналған Қазақстанның құнарлы жерінде үйлесімділік пен достық қарым-қатынастаөмір сүріп, еңбек етіп келеміз. Алғыс айту күні – ең алдымен, еліміздегі барлық азаматтардың бір-біріне деген құрметі, ортақ тарихымыздың, өзара жәрдем беру және қолдау күні,-деді Бердібек Сапарбаев.

Құттықтаудан соң облыс әкімі өңірдегі этномәдени орталықтардың өкілдеріне естелік сыйлықтар табыс етті. 

Мерекелік шара түрлі-түсті театрландырылған қойылымдармен және музыкалық нөмірлермен жалғасты. Ақтөбе облысындағы этномәдени орталықтардың өкілдері сөз алып, барлық ұлыстардың бір-біріне және қазақ халқына деген құрметі мен ризашылығын білдіріп жатты.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында тоқсаннан аса халық пен ұлыс тұрады, 18 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі