Ақтөбе қаласындағы әлеуметтік кәсіпкерліктің бірінші халықаралық форумына мыңнан астам сарапшы қатысты

Ақтөбеде 11 мамыр, жұма күні «Әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет, бизнес және ҮЕҰ серіктестігі» атты әлеуметтік кәсіпкерліктің Қазақстандағы бірінші халықаралық форумы басталды.

Іс-шара қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешудегі мемлекеттің, бизнес пен үкіметтік емес ұйымдар арасында тиімді ынтымақтастықты жолға қою үшін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасы бойынша ұйымдастырылған болатын.

Екі күндік форумға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі,  «Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы» РҚБ президенті Раушан Сәрсембаева, Қазақстан, Израиль, Түркия, Польша, Грузия, Қырғызстан және басқа елдерден мыңнан астам қоғамдық қайраткерлер мен әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы сарапшылар қатысуда.

Пленарлық отырыста қатысушылар халықаралық тәжірибені қарап, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың жаһандық үрдістерін талқылайды. Форум қорытындысы бойынша шешім қабылданып, бірқатар меморандумдарға қол қойылады деп күтілуде. Сонымен қатар, форум аясында Ақтөбе облысының әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарында көшпелі шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, B2B, B2S форматында кездесулер өтеді.   

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, форум қатысушыларымен амандаса отырып, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту Президенттің 5 әлеуметтік бастамасындағы негізгі бағыттарының бірі болып табылады деп атап өтті. Тек осы жылы мемлекеттік қолдау шарасы аясында облыс көлеміндегі кәсіпкерлікке 20 млрд теңге жеңілдетілген несие беріледі, соның ішінде 2,5 млрд теңгені 5 әлеуметтік бастамалар аясында ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға қосымша бөлу жоспарланып отыр.

«Сіздердің әрқайсысыңыз мемлекет үшін кәсіпкерлікті, соның ішінде әлеуметтік жағынан бағдарлаушы кәсіпкерлікті  дамытудың маңызы қандай екенін түсінесіздер. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ, экономикада қандай қиындық болмасын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселеге баса назар аударып келеді. Мемлекет басшысы 2050 жылға қарай ШОБ-тің экономикадағы үлесін 50 пайызға дейін жеткізу міндетін қойды. Ақтөбе облысы бүгінде экономикалық тұрғыда белсенді халықтың бизнеспен айналысатындары үлесін 32 пайызға дейін, кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 20 пайызға дейін арттырды»,-деді Бердібек Сапарбаев.

Ол қазіргі таңда барлық әлеуметтік мәселелерді  мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың күшімен шешуге болмайтынын,аталмыш процесске кәсіпкерлерді белсенді түрде қосу қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге Ақтөбе облысының тәжірибесі әлеуметтік кәсіпкерліктің маңызды мәселелерді шеше отырып, бизнесмендерге пайда табуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді, яғни барлығы да: кәсіпкер, мемлекет пен халық та ұтады. Бұған өңірде тек 2017 жылдың өзінде бюджеттен тыс қаражаттың есебінен құны 29 млрд теңгенің 73 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылғаны  дәлел. Соның ішінде офтольмологиялық аурухана, жедел медициналық жәрдем бекеті, Жекпе-жек сарайы, Өнер орталығы, шығармашылық академиясы, «Жұбановтар әлемі» мұражай үйі, салынып, пайдалануға берілді. Биыл облыс 28 млрд теңге көлемінде бюджеттен тыс инвестицияның есебінен 33 жобаны жүзеге асырады. Атап айтқанда, Ақтөбеде Теннис орталығы, Мұз айдыны сарайы, жеңіл атлетика манежі, «Аналарға тағзым» мұражай үйі, сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығы, ядролық медицина орталығы мен т.б. тұрғызылуда.

«Біз кәсіпкерлікті белсенді дамытуға жұмыстанып жатырмыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша әрекет етуші ШОБ саны 52 мыңды құрады. Бұл мемлекеттің мықты қолдауына жағдай жасайды. Біз кәсіпкерлерді әлеуметтік жағынан жауапты болып жүруге тынбай бағыттап отырамыз»,-деді ақтөбелік қыз-келіншектердің рөлі маңызды екенін атап өткен Бердібек Сапарбаев.

«Өңірдегі кәсіпорындардың 40 пайыздан астамына әйелдер жетекшілік етеді, олар бізде әлеуметтік жағынан хабардар, «Туған жер» бағдарламасын қолдауға да белсенді түрде қатысады. Мәселен, Зәмзәгүл Баймағамбетова балабақша, Халықтық кеңсені салды, қазіргі таңда Неке сарайын салып жатыр. Рабиға Тасыбаева жыл бойғы балалар лагерін, физикалық-математикалық бағыттағы мектеп интернатын салды. Тағы бір жыл бойы жұмыс жасайтын лагерь мен бірнеше балабақшаны қала әкімінің қазіргі орынбасары Күлпаршын Айдарханова тұрғызды,-деп атап өтті облыс әкімі.

Сөзін аяқтаған Бердібек Сапарбаев Ақтөбедегі әлеуметтік кәсіпкерліктің халықаралық форумы алаңының қазақстандық қоғамның әрі қарайғы позитивті өзгеруі, әлеуметтік жағынан бағытталған отандық бизнесті дамуы үшін бастапқы нүктесіне айналатынына үміт артты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі