Ақтөбе қаласы жаңа 34 шағын саябақпен толығады

Ақтөбе жыл сайын құлпырып, көз тартар көрікті жерлері көбейе түсуде. Бұған дейін қалада 21 саябақ болса, олардың қатарын тағы 34 шағын саябақ толықтыратын болады. Мұндағы кейбір пайдаланылмай тұрған жерлер енді тұрғындардың демалыс орындарына айналмақ.

Сенбі күні өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жаңадан салынып жатқан  және қайта қалпына келтіріліп жатқан бірқатар бақтың жұмысымен танысып шықты. Аталған 34 саябақтың жұмыстарымен айналысып жатқан облыстық басқармалар, қала әкімдігінің бөлімдері мен кәсіпорындар жуырда қала тұрғындарына жаңа демалыс орындарын тарту етпек. Мәселен, «Тұрғын үй қалашығы» ауданында «Мәдениет» саябағы, «Батыс-2» ықшам ауданында «Денсаулық» паркі сынды демалыс орталықтары бой көтеруде. Сонымен қатар облыстық сот пен Ішкі істер департаментінің де жасыл алаңқайлары да бар.

Жуырда Абай даңғылы бойындағы саябақ жаңаша кейіпке енетін болады. Мұнда жаңадан тротуарлар, кеспе тастар төселіп, декоративті ағаштар, гүлзарлар отырғызылады, жарықтандырылады. Айта кетсек, бұл жерлерге 21 мың шаршы метр қырланған кеспе тас төселіп, ескі бағаналардың орнына электр жарығын 40 % үнемдейтін жаңа LED – шамдар  орнатылады. Сонымен қатар 800 декоративті ағаштар отырғызылады.

Қаладағы саябақтар мен скверлерде 100-ден аса шам қондырылып, 25 орындық қойылады. Ерекше гүлзарларды отырғызу жұмыстары аяқталып та қалған.

        - Бұл жұмыстар сапалы жүргізілуі тиіс. Сондықтан қала әкімдігі күнделікті тексеріп тұруға міндетті. Алдағы атаулы мерекелерге дейін жұмысты  аяқтауларыңыз қажет. Қала тұрғындары мен қонақтар үшін осындай жасыл желекке оранған саябақтарды көбейтуіміз керек, – деді өз сөзінде облыс басшысы.

Айта кетейік қала бойынша 20 мыңнан астам ағаш егілді. Бұдан бұрын қаланың әуежай аумағында 1 млн-нан астам көшет отырғызылған болатын.

Сондай-ақ аймақ басшысы «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын аралап шығып, үш және төрт қабатты 29 үй, 197 жеке тұрғын үйдің құрылыс қарқынын пысықтады.

Облыс әкімі қала әкіміне құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында олардың арасында конкурс ұйымдастыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі