АҚШ-тық профессор «Туған жер» жобасы аясында Ақтөбедегі медицина мекемесіне құны 15 млн болатын құрал-жабдықтарды тарту етті

You are here

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев медицина қызметкерлерінің «Политравма. Диагностика мен кешенді емделудің заманауи концепциялары» тақырыбындағы халықаралық конференциясының қатысушыларымен кездесті. Конференцияға АҚШ, Оңтүстік Корея, Германия, Ресей, Қытай, Түркия елдерінен келген профессорлар, хирург-дәрігерлер, травматологтар қатысты. Шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу үшін травматология саласындағы отандық мамандар да келді. Конференция аясында ауыр патологиясы бар пациенттерге кеңестер беріліп, аты әлемге әйгілі мамандар көрнекі операциялар жүргізді.

Кездесуді ашқан облыс басшысы конференция қонақтарына, сондай-ақ Қазақстанның тумасы, Сент-Луис қаласындағы Медицина университетінің ортопедия клиникасының басшысы - профессор Жолдас Құлжановқа мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Туған жер» патриоттық жобасына ат салысып, Жедел медициналық жәрдем ауруханасының травматология бөліміне 15 миллион тұратын құрал-жабдықтарды тарту еткені үшін алғысын білдірді.

Конференция тақырыбының өзектілігі аталып өтті, өйткені политравма кезіндегі медициналық көмекті ұйымдастыру мәселесін шешудің әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, зақым алу жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулармен қатар, Қазақстан халқының өліміне әкеліп соғатын үш негізгі себептердің бірі болып табылады. Ал 40 жасқа дейінгілер арасында бірінші орында. Ақтөбеде және жалпы республикада көптеген алдын алу шаралары өткізілуде. 2016 жылы Ақтөбе қаласындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасы жанынан политравма бөлімінің негізі қаланды. Облыстың шалғай аудандарына санавиация желісі бойынша жемісті қолданылып жүрген көмек көрсетудің заманауи қағидалары енгізілді.

- Медицинадағы жаңа бағыттардың әрі қарайғы дамуының біз үшін медициналық-әлеуметтік маңызы зор, және біз әлемдегі жетекші клиникалардың сіздер секілді өкілдерімен бірлесе шеберлік сабақтарын, семинарлар өткізіп, мамандарымызды тәжірибелік үйретуде серіктес болуға қызығушылық танытамыз,-деген өңір басшысы бұдан бұрын Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей, АҚШ және Израильдің дәрігерлерімен мемлекеттік-жеке серіктестіктің механизмдері мен медициналық кластерлерді қалыптастыру аясында келісімшарттарға қол қойылғандығы туралы айтты.

Өз кезегінде, Ақтөбедегі медициналық клиникалармен танысып, ақтөбелік әріптестерімен тілдесіп үлгерген шетелдік қонақтар да жылы шырай танытып қарсы алғандары үшін алғыстарын білдіріп, әкімнің медицина саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы ұсынысын бір ауыздан қолдады. Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласы қуатты ресурстық базаға ие екендігі аталып өтті.

Ақтөбе еліміздің батыс өңірлері арасында медициналық туризмнің орталығы болып табылады, ал облыстық клиникалық аурухана – Қазақстанның трансплант орталықтарының тізіміне кірген батыс өңірлеріндегі бірден бір мекеме.

Кездесу облыс әкімдігі мен Ұйғыр автономиялық ауданының Синьцзян халықтық ауруханасының өкілі - медицина профессоры Миао Хуанганг пен Сент-Луис университетінің ортопедиялық госпиталінің өкілі профессор Жолдас Құлжанов арасында меморандумға қол қоюмен аяқталды. Келісімшартқа сәйкес, тараптар дәрігерлерді тәжірибелік үйретуде, шеберлік сабақтарын, лекциялар мен семинарлар өткізуде, сонымен қатар, пациенттерге кеңес беруде ынтымақтастықты дамытатын болады.

- Ақтөбелік клиникалар ең жаңа медициналық техникалармен жабдықталған. Бүгінде, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біздің ең бірінші міндетіміз – жоғары білікті мамандарды даярлау. Осыған байланысты қол қойылған меморандум медицинамыздың игілігіне жұмыс жасайтын болады,-деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы