Бердібек Сапарбаев «Орыс мыс компаниясын» Ақтөбе облысындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда қолдау көрсетуге шақырды

22 ақпан, бейсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Хромтау ауданының Көктау ауылында «Орыс мыс компаниясы» ЖАҚ құрылымына кіретін екі компания - «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС мен «Коппер Технолоджи» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесуге өңірге арнайы келген «Орыс мыс компаниясы» АҚ президенті Всеволод Левин мен облыстық кәсіподақ өкілдері қатысты.

«Өткен жылдың ішінде кәсіпорындар, негізінде өздерінің барлық міндеттерін орындады. Биылғы жылғы басты міндет – облыс жыл қорытындысы бойынша Президенттің экономика өсімін кем дегенде 5 % деңгейге қамтамасыз ету  тапсырмасын орындау үшін өндіріс қуаттылығын барынша қолдану», - деп атап өтті жиынды ашқан Бердібек Сапарбаев.

Өндіріс қызметінің қорытындысы мен ұжымдық келісімшарттың 2017 жылы орындалуы жайында кәсіпорынның бас директоры Наталья Бондаренко мәлімдеді. Оның айтуынша, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС есептік кезеңде негізгі капиталға 3 млрд теңге, «Коппер Технолоджи» 1,5 млрд. теңге инвестициялаған. Әлеуметтік пакет жақсартылып, еңбекақы 10 % өсті.

Өңір басшысы кәсіпорын жетекшілерінің басты назарын өндіріс көлемінің төмендеуіне жол бермеуге, кәсіпорындарды Президент Жолдауы аясында жаңғырту және цифрландыру қажеттігіне, еңбекақы деңгейін көтеруге және уақытында төлеуге аударды.

Облыс әкімі сондай-ақ, кәсіпорындардың басшылығын әлеуметтік жауапкершілік қағидаларын сақтауға шақырды.

«Ақтөбе облысында осы жылды Бала жылы деп жариялады. Балалардың физикалық, мәдени, интеллектуалдық, рухани тұрғыда дамуы бойынша шараларды жүзеге асыру үшін барлық ірі компаниялармен жұмыс жасап, бюджет қаражатын салып жатырмыз. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында Ақтөбеде мүгедек балаларға арналған оңалту орталығының құрылысы басталды. Нысанды биылғы жылдың жазында ашуды жоспарлап отырмыз. Осы жұмысты жалғастыруды сұраймын», - деді облыс әкімі.

Бұдан басқа, Б.Сапарбаев «АМК» ЖШС мен «Коппер Технолоджи» ЖШС-нің тауар, жұмыс және қызметтерін сатып алудағы қазақстандық мазмұн  үлесін арттыру қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде Всеволод Левин жергілікті жеткізушілермен әріптес болуға әрқашан дайын екендігіне сендірді.

Кездесу еңбек қатынасын реттеу мәселесін өңірлік деңгейде өзара түсінісу және әрі қарай келісіп әрекет ету, жұмысшылар үшін әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету туралы  үшжақты меморандумға қол қоюмен аяқталды.

 Айта кетейік, 2017 жылы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Орыс мыс компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Игорь Алтушкин инвестициялық әріптестікті дамыту туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжатқа қол қою рәсімі 9 қарашада Қазақстан мен Ресейдің XIV өңіраралық әріптестігі алаңында екі ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен өтті. Тараптар қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау, никельді терең өңдеу жолымен өнеркәсіптік игеру, сонымен қатар, Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарды жаңғырту  саласындағы әріптестікті дамыту туралы келісті.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі