Бердібек Сапарбаев «Сандық Қазақстан» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру шараларын қабылдауды тапсырды

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында «Сандық Қазақстан» бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылуының барысы қаралды.

Жиналыс аясында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов 2020 жылға дейін «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қауіпсіз қала, «ақылды» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім, медицина, зияткерлік көлік жүйесі және электронды әкімдік бағыттары бойынша жүзеге асыру жоспарланған «Smart city» жобасының ілгерілеуі туралы баяндады.

«Бүгінде Ақтөбе қаласы әкімдігінің порталына, соның ішінде мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жағына жаңғырту жүргізілді. Қазіргі таңда портал akt.gov.kz электронды мекенжайы бойынша және AktobeSmartCity мобильді қосымшасы арқылы қол жетімді. Қауіпсіз қала бағыты аясында «Қауіпсіз қала» аппараттық-бағдарламалық кешенін құру жұмыстары жүргізілуде. 2018 жылы қоғамдық қауіпсіздіктің 140 камерасын, желілік учаскенің 15 фотофиксациясын, 14 зияткерлік торабын қондыру жоспарланып отыр. Келешекте «Қауіпсіз қала» қолда бар барлық камераларды біріктіріп, сонымен қатар, өзге мекемелер мен жекеменшік бизнестің камераларын интеграциялауға мүмкіндік береді»,-деп мәлімдеді Испанов.

Сондай-ақ, қала әкімдігі «Қазпошта» АҚ-мен бірге бірыңғай төлем құжаттамасын құру жобасын жүзеге асырып жатыр, бүгінгі күні жобаға отыздан аса мекеме қосылған, соның ішінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілер мен ПИК те бар. Бұдан бұрын хабарлағандай, «ақылды қала» тұжырымдамасы шеңберінде қаланың барлық мектептерінде «Bilimal» ақпараттық-білім беру жүйесі енгізіліп, барлық қоғамдық және коммуналдық көліктер GPS трекерлермен жабдықталды, жолаушылардың қоғамдық көлікті қадағалауларына мүмкіндік беретін AktobeBus» қосымшасы іске қосылды.

«Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған тағы бір жоба – «Халықтық кеңсе», оның басты мақсаты - азаматтарды «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтермен сапалы және қолайлы қамтамасыз ету. Бүгінгі күні мұнда мемлекеттік қызметтерді қосқанда, 600-ден астам қызмет түрі көрсетіледі.

Жиын барысында білім беру мен денсаулық сақтау салаларына сандық технологияларды енгізу мәселелері жан-жақты қаралды.

«Сандық технологияларды дамыту - бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы, халықаралық стандарттарға сай уақыт талабы. «Сандық Қазақстан» - бірінші кезекте, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бағдарлама. Оны дамыту және кеңінен енгізу арқылы азаматтар сапалы қызмет пен әртүрлі ақпараттарды алуға аз уақыт жұмсап, өз уақыттарын тиімді пайдалана алады. Біз бұл бағдарламаның сапалы жүзеге асырылуына бірлесіп күш жұмсап, барлық қажетті шараларды қабылдауымыз керек»,-деп атап өтті облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Сонымен бірге ол  жиынға қатысушылардың назарын «Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясында енгізіліп жатқан барлық ақпараттық жүйелерді толықтай біріктіру қажеттігіне аударды.

Бұдан өзге жиын аясында өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және мемлекеттік сатып алуларды өткізуге байланысты өзекті мәселелер қаралды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі