Бердібек Сапарбаев «Ұлы Қабырға» ҚҚБК ЖШС жұмысын сынға алды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі ірі мұнай компанияларының бірі «Ұлы қабырға» ҚҚБК ЖШС жұмысын сынға алды. Сын қазақ-қытай кәсіпорнының басшысы ЖШС-нің 2016 жылы атқарған қызметінің қорытындысы, облыстық әкімдікпен және облыстық кәсіподақ орталығымен жасаған ұжымдық келісімшарт пен өзара қарым- қатынас туралы меморандумның орындалуы туралы есеп берген кезде айтылды.

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша облысымыздағы еңбек қарым-қатынасы жағынан ең проблемалы компания - сіздікі болды. 2016 жылы біздермен бірнеше рет келіссөздер жүргізіп, мәселелеріңіз бен оларды шешу жолдарын көрсеттік, жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау көрсетуге дайын болдық, алайда компания басшылығы тиісті нәтиже шығарған жоқ. Нәтижесінде 2016 жылы компания 1 млрд теңгеге қарызға батып, жұмысшылар саны 60% қысқарды. Мұндай жағдай ешқандай компанияда орын алған жоқ. Экономикалық дағдарыс кезінде оңай емес екендігін түсінеміз, бірақ бұл жағдай тек сіздердің компанияларыңызды ғана емес, өзгелерді де айналып өткен жоқ. Басқа кәсіпорындар тұйықтан шығу жолдарын тауып жатыр ғой,- деп реніш білдірді Бердібек Сапарбаев мекеме басшылығына.

Компанияның қаржылық-шаруашылық қызметінен басқа, ұжымдық келісім-шартта қарастырылған жұмысшылар алдындағы әлеуметтік міндеттердің орындалуы, сонымен қатар 2016 жылы облыстық әкімдік, компания басшылығы мен кәсіподақтардың аймақтық бірлестігі арасында жасалған еңбек қарым-қатынасын реттеу мәселелеріндегі келісілген әрекеттер мен өзара түсінісушілік, жұмысшылар үшін әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету туралы меморандум да сынға ұшырады. Осылайша, өткен жыл кәсіпорын үшін орташа еңбекақының, әлеуметтік төлемдердің төмендеуімен, меморандум мен ұжымдық келісімшарттың толық орындалмауымен аяқталды. Компанияның жұмыс жүктемесі 45% құрап, 499 адам жұмыстан қысқартылды. Бұдан өзге, «Ұлы қабырға» ҚҚБК» ЖШС бас директоры Чжан Цзюньннің айтуынша қазіргі таңда жұмыстың тоқтауына байланысты 390- дай адам еңбек демалысында.

Өңір басшысы компания басшылығының қысқартылған жұмысшыларды жұмысқа орналастыру мәселесімен бастама көтермегенін, жаңа жұмыс орындарын іздеумен тек жергілікті атқарушы биліктің айналысқанын айтты.

- Біз сіздерге қысқартуға байланысты жұмысшыларды жұмыстан босатпас бұрын олардың кейінгі жұмыс орнын анықтау талабын қойған болатынбыз. Бәрінің де асырап отырған жанұясы бар, бұл туралы ойлануларыңыз қажет еді. Кәсіподақ комитеті еңбек етушілердің мүдделерін қорғау үшін отырған жоқ па?! -деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы сонымен қатар шетелдіктерді жұмысқа тарту мәселесін де қозғады. Бердібек Сапарбаев қысқартылатын шетелдік қызметкерлер саны команияның қысқартылатын жұмысшыларының жалпы санына тікелей қатысты болуы керектігін айтты. Ал жұмысшылардың жалпы санының 60 пайызын қысқартқан ЖШС шетелдік жұмысшылардың 30 пайызын ғана қысқартқан.

Облыс әкімі мұндай тәжірибенің қайталанбауын айтып, шетелдіктердің ішінен тек жоғары дәрежелілерін ғана және жергілікті жұмысшылардың арасынан алмастыратын адам табылмаған жағдайда ғана жұмысқа қабылдауын талап етті.

Жиналыс қорытындысында облыс әкімі мекеме басшылығына өндірістік жүктемелерді іздестіру, жұмыстар мен қызметтердің өз бағасын төмендетуге мүмкіндік беретін жаңа нарық пен технологияларды іздестіру секілді нақты тапсырмалар берді.

- Сіздерді қайтадан қосымша кіріс көзі мен жұмыс көлемін тек Ақтөбе облысынан ғана емес, өзге де өңірлерден іздеуге, қызметтер тізімін кеңейту жұмыстарымен айналысуға шақырамын. Біз қазірдің өзінде сіздерге көмектесуге дайынбыз, алайда сіздер өздеріңіз бастама көтеріп, ұсыныстарыңыз бен өтініштеріңізді айтуға ынталы емессіздер. Егер де сіздер жағдайды өзгертіп, құрылтайшылар компаниядағы экономикалық жағдайды түзетудің тиімді шараларын қолданбаса, онда біз сіздерді банкрот деп табуға дейін шара қолданамыз. Бұл жағдайда сіздердің жұмысшыларыңызды өңірде ашылып жатқан өзге өндіріс орындарына орналастырамыз,- деді облыс әкімі. Өз кезегінде компанияның әл-ауқатын көтеруге құлықты екеніне сендіріп, жаңа нарықты зерттеп, экономикалық жағдайды жақсартуға уәде берген ЖШС бас директоры Чжан Цзюнь өзіне мерзімді уақыт беруін сұрады. Бұл ретте, облыс әкімі «Ұлы қабырға» ҚҚБК» ЖШС, облыстық әкімдік және кәсіподақтардың аймақтық бірлестіктері арсындағы 2017 жылға арналған үшжақты меморандумға қол қоюдан бас тартты. Бердібек Сапарбаев өз шешімін: меморандумға қағаз жүзінде қол қойылмау керек. Осы құжатта көрсетілген міндеттер нақты орындалуы тиіс деп түсіндіріп, Компания меморандумның барлық тармақтарын орындауға кепілдік берген соң ғана қол қойылатындығын айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі