Бердібек Сапарбаев: «Baqytty Bala» Ақтөбе облысының брендіне айналады

2 маусымда Ақтөбедегі Өнер орталығында Қазақстан, Ресей, Украина, Өзбекстан және Грекия елдерінен келген жас музыкалық дарындар қатысқан «Baqytty Bala-2018» тұңғыш халықаралық эстрадалық ән байқауы гала-концертпен аяқталды.

Жобаның басты мақсаты – жаңа есімдерді тауып, олардың алға қарай жүруі үшін жағдай жасау, қатысушылардың орындаушылық шеберліктерін жетілдіру, вокал өнерінің үздік дәстүрлерін дамыту.

Ұйымдастырушылары – Ақтөбе облысының әкімдігі, «QAZAQSTAN» республикалық телеарнасының қолдауымен «ДимашАли» шығармашылық орталығы.

Бас жүлдені бірден екі қатысушы иеленді. Олар – ақтөбелік Наргиз Жанұзақова мен Оралдан келген Ержан Максим. Жеңімпаздардың әрқайсысына 1 миллион теңгеден берілді. Наргиз сазгер Ермек Елгезековтің «Ақтөбем» авторлық әнін орындады. Ол - «Сиқырлы микрофон» (Астана қаласы, 1 орын), «Таланттар шоқжұлдызы» ( Шымкент қаласы, бас жүлде), «Сырым бар жүрегімде» (Алматы қаласы, 1 орын) және басқа да музыкалық байқаулардың жеңімпазы. Бұдан басқа, Наргиз «Славян базары-2015» халықаралық байқауының жеңімпазы, «Singer-2017» финалисі, «MTV Music Awards» сыйлығының иегері Димаш Құдайбергеннің атаулы жүлдесін жеңіп алды.

Атап айтқанда, ол Димаштың әлемдік сапарына қатысады. Гала-концертте өнер көрсеткен Димаш Құдайберген қатысушылардың барлығына алғысын білдіріп, туған жерін сағынатынын айтты. Екінші жеңімпаз Ержан Максим де көптеген марапаттарымен мақтана алады.

Жас музыкант - «Шырқа дауысым-2015» (Алматы қ.) байқауының бас жүлде иегері, «Riga Symphony-2016» (Рига қ., Латвия) байқауыныңекі алтын және бір күміс медальдарының иегері, «Sanremo Junior-2017» (Санремо қ., Италия) бірінші сыйлығының лауреаты. Байқаудың Мержан Жедібай (Ақтөбе), Мария Затворницкая (Павлодар), Иоанус Лазополус (Греция), Санат Асуат (Атырау), Рахман Сатиев (Ақтөбе), Мария Махлина (Ресей), Назгүл Байменова (Ақтөбе), Робия Мирзаева (Өзбекстан) сынды басқа да лауреаттары 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды. Барлық қатысушыға ұйымдастырушылар мен демеушілер атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев байқаудың барлық қатысушысына алғыс айтты. Ол «Baqytty Bala» фестивалі жыл сайынғы оқиғаға және өңірдің нағыз брендіне айналатынын жеткізді.

- Байқау алғаш рет өткізіліп тұр, бірақ соңғы рет емес. Біз Ақтөбеде жыл сайын дәстүрлі түрде «Бақытты бала» халықаралық байқауы өтетін болады деп шештік. Оның Ақтөбе облысы брендіне айналатынына сенімдімін. Біз жас таланттарды қолдадық және қолдайтын боламыз. Қымбатты балалар, бізге сыйлаған мерекелеріңіз үшін рахмет. Әрқайсысыңызға Димаштың шығармашылық жолын берсін деп тілеймін, -деді байқау қатысушыларына Бердібек Сапарбаев.

Ол сондай-ақ, өзге елдерден келген қонақтарға және ұйымдастырушылардың барлығына байқауды жоғары деңгейде өткізгендері үшін алғыс айтты.

Сондай-ақ, облыс әкімі көрермендер арасында Қазақстанға байқауды тамашалау үшін Жаңа Зеландиядан келген Анита Рай Уорд есімді әйелдің отырғанын атап өтті. Ол төртінші деңгейлі онкология ауруына қарамастан Қазақстанға мүгедектер арбасымен жолға шыққан.

Айта кетейік, байқаудың финалдық концерттік бағдарламасына әлемге танымал ақтөбелік әнші Димаш Құдайберген, украиналық «Голос. Дiти» 2017 вокалдық байқауының жеңімпазы Данелия Төлешова, «Славянский базар в Витебске» 2015» халықаралық фестивалінің бас жүлде иегері Луиза Нұрқуатова, армян әншісі Джордан Аракелян, әуе гимнастигі Анастасия Дидух қатысты.

Байқаудың қазылар алқасына Қазақстан, Өзбекстан, Украина мен Түркия елдерінің кәсіби әртістері кірді. Олардың ішінде ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Марат Әйтімов пен Жеңіс Ысқақова, ӨР еңбек сіңірген қайраткері Нодира Перматова, «Славян базары-2017» жеңімпазы Влад Сытник, Түркиядан келген атақты әнші әрі вокал ұстазы Эмре Юселен бар.

Осы шараның билеттерінің дені жетім және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға берілді. Еске салайық, әндер байқауына 20 елден келген 420 жас музыка таланттары қатысты. Қашықтан іріктеу айналымынан 20 бала өтті. Халықаралық ән байқауы Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен өңірде жарияланған «Бақытты бала» жылы аясында өтті. Өңірлік жоба балаларды «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қолдауға және дамытуға бағытталған.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі