Бердібек Сапарбаев азық-түлік пен дәрі-дәрмектер бағасының негізсіз өсірілуіне жол бермеуді тапсырды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің тұтынушылық нарығындағы бағаның жағдайы туралы жиналыс өткізді. Мәжілісте дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына баса назар аударылды.

Жиын жұмысына облыстағы ең ірі дәріханалардың, сауда желілері мен базарлардың басшылары қатысты.

Арнайы жұмыс топтарының бақылауларына сәйкес, жалпы алғанда, бөлшек сауда ұйымдары облыс әкімдігімен арада жасалған әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеу туралы меморандумды сақтауда.

Дегенмен, өткен аптада Ақтөбе қаласындағы 15 дәріханаға жасалған бақылау нәтижесі дәрілік атаулары бірдей дәрі-дәрмектердің бағаларының айырмашылығы, кей жерлерде, мың теңгеге дейін жетіп, бұл мәселенің әлі де өзектілігін жоймай отырғандығын көрсетті.  

Өңір басшысы баға теңсіздігін анықтап, себебін жоюды, соның ішінде тауарды көтерме жеткізушілердің бағаларды белгілеуін тексеруді тапсырды. Бұл ретте облыстық фармация департаментінің жұмысы сынға ұшырады.

- Егер жыл соңына дейін осы саладағы тәртіп қалпына келтірілмесе, онда Денсаулық сақтау министрлігінің алдында департамент қызметінің тиімділігінің төмен деңгейде екендігі жөнінде мәселе көтерілетін болады,-деді облыс әкімі.

Жиын соңында Ақтөбе қаласын түнгі жарықтандыру мәселесі талқыланды. Бүгінде облыс орталығындағы көшелердің 26%-ы жарықтандырылған.

- Тұрғындар балалардың мектептен қайтарда қараңғы көшелермен келетіндеріне шағымданады. Бүкіл қаланы бірден жарықтандыра алмаймыз, бірақ балалардың мектепке және үйлеріне баратын көшелері сияқты неғұрлым өзекті жерлерді қарап шығып, солар бойынша жұмысты күшейту керек,-деп тапсырды Ақтөбе қаласы әкімдіігне Б.Сапарбаев.

Келешекте Сүт зауыты, Мәскеу, Құрмыш аудандарын, қала сыртындағы көлік жолдарын, Ақжар және Қарғалы ауылдық округтерін жалғайтын Қарғалы өзені арқылы өтетін көпірді және басқа да нысандарды жарықтандыру жоспарда бар.

Бұған қоса, әкімшілік, коммерциялық және өзге де ғимараттардың қасбеті мен олардың маңайындағы аумақтарды  түнгі жарықтандыру және жаңа жылдық иллюминациялармен безендіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі