Бердібек Сапарбаев Алға ауданының активіне жаңа әкімді таныстырды

Алға ауданының активінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауданның жаңа әкімін таныстырды. Ол ҚР президенті әкімшілігі мен аудандық мәслихаттың мақұлдауымен Нағымжан Алдияров болды.

Облыс әкімі Н.Алдияровтың алдына жүйелік тәсілдерді қажет ететін бірқатар басым міндеттерді қойды.

«Елбасы осы жылы экономика өсіміне қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Он айдың қорытындысы бойынша облысымыздың экономикасы 5%-ды құрады. Осы жұмысты жалғастырып, президент тапсырмасын орындау қажет. Ол үшін бізде барлық қор бар»,-деді ол.

Бердібек Сапарбаев Алға ауданында өнеркәсіптік өндірісті, әсіресе химия саласын мемлекеттік қолдау шараларын белсенді қолдана отыра дамыту  қажеттігін атап өтті.

Инвестиция тарту мен ауыл шаруашылығына да басымдық танытылды.

«Мұндағы жер – құнарлы, су қоры жеткілікті, ірі өткізу нарығы болып табылатын Ақтөбе қаласы жақын. Ауыл шаруашылығындағы өндіріс өсімі үшін барлық жағдай бар. Бұл үшін сонымен қатар, суармалы жерлерді айналымға енгізуді, ауылшаруашылығының дәстүрлі емес түрін дамытуды, ауалшаруашылығы өнімін қайта өңдеу көлемін арттыруды жалғастыру керек»,-деп атап өтті өңір басшысы.

Бұдан басқа, ол жергілікті бюджетті арттыру, шағын және орта бизнесті, жол бойындағы қызмет көрсетуді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, мемлекеттік-жеке серіктестікті дамыту, сонымен қатар, «Туған жерге тағзым!» жобасын жүзеге асыру міндеттерін айтты.

Әлеуметтік салада аудан басшылығына халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, медициналық мекемелердің құрылысына, білім, мәдениет пен спортты дамытуға баса назар аудару тапсырылды.

 Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев соңғы бірнеше айда Алға ауданы әкімінің міндетін атқарған Гүлназ Сисеноваға атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты.

Н.С. Алдияров 1975 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданына қарасты Байқадам ауылында туған. Білімі – жоғары, М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясын теміржол тасымалын ұйымдастыру инженері біліктілігі бойынша, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін экономика бакалавры біліктілігі бойынша тәмамдаған.

«Аққайың» өндіріс кооперативінде аға есепші, «Казагропромбанк» АҚ-да маман, «Жүк тасымалы» бөлімшесінің Батыс бөлігінің Ақтөбе бекетіндегі пойыздарда жүкті қабылдаушы-тапсырушы, Жіңішке бекетінде пойыздарды құрастырушының көмекшісі, Маржанбұлақ ауылдық округінің әкімі, Алға қаласының әкімі, Алға ауданы әкімінің орынбасары қызметтерінде болды.

Соңғы жылдары «Ақтөбе қаласының тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі