Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерін нашар жұмыс жасағандары үшін сынға алды

Өткен демалыс күндері Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сегіз ауданның әкімдерінің 2017 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен осы жылға жоспары туралы есептерін тыңдады. Есептік жиынға ардагерлер, қоғам қайраткерлері, басқармалар мен ведомстволардың басшылары қатысты.

Әлеуметтік-экономикалық даму жайындағы баяндамаларымен Шалқар, Ойыл, Алға, Әйтеке би, Қобда, Қарғалы және Темір аудандарының әкімдері сөз алды.

Есептерді тыңдап шыққан өңір басшысы шешуді қажет ететін бірқатар проблемалық сұрақтарды нұсқады.

Атап айтқанда, Әйтеке би ауданы мемлекеттік-жеке серіктестіктің бірде бір жобасын ұсынбаған, кәсіпкерлер мен шаруаларды мемлкеттік қолдау бағдарламаларының шаралары тиімді қолданылып жатқан жоқ, кейбір азық-түлік тауарларының қымбаттағаны байқалады.

Алға ауданының әкіміне химия өнеркәсібін жандандырып, ет кластерін әрі қарай дамыту тапсырылды.

- Аудан үшін басты сұрақ – дәстүрлі емес дін жетегіндегілерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл үшін теологтарды, имамдарды шақырып, халықпен жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет , - деп атап өтті әкім.

Қарғалы ауданында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы нашар дамуда, ал өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны орташа көрсеткіштен 1,6  есе көп.

- Сіздер ауданның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларында қандай мүмкіндігі барын білесіздер. Соған қарамастан, соңғы бірнеше жылда бірде бір индустриалдық жоба жүзеге асырылмаған. Үш жыл болды құс фабрикасын іске қоса алмағандарыңызға, ауыл клубын екі жыл бойы салып келесіздер.   Ұят емес пе?!, - деп сөкті Бердібек Сапарбаев аудан әкімі Рахат Сыдықовты.

 Бұдан басқа, Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасарарына бәрқатар ескертулер берді.

Аудан халқы әкімнің есептік кездесуінде көтерген Бадамша ауылындағы жаңа мектептің салынатын орнын ауыстыру мәселесі бірнеше ай бойы шешілмей келеді.

- Мектеп алдымен балалар үшін ыңғайлы болу керек. Мен жұмыс тобын құрып, жұршылықпен кездесуді және мектеп құрылысының жаңа орнын анықтауды қаңтар айында тапсырған болатынмын. Неге әлі күнге дейін істелмеген? – деп ашынды өңір басшысы.

Бұл мәселенің нүктесін қысқа мерзім ішінде қою Ербол Нұрғалиевке тапсырылды. Облыс әкімі сондай-ақ, өзінің орынбасарына осы айдың соңына дейін мектеп формасының талаптарын сақтау мәселесін шешу қажеттігі туралы еске салды.

«Ақтөбе-Атырау» көлік жолын реконструкциялауға қажет құрылыс материалдары мен еңбек ресурстарының көлемін санау Серік Төленбергеновке тапсырылды. Соған қарамастан, жобаны жүзеге асыруда жергілікті кадрлар мен компанияларды барынша жұмылдыру керек.

Жиынды түйіндеген Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне өзін өзі жұмыспен қамтыған халықты есепке алып, еңбекке орналастыру, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану, тоқтап тұрған кәсіпорындарды жаңғырту,  мемлекеттік жеке серіктестік пен «Туған жерге тағзым» акциясының механизмдерін дамыту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Бұдан өзге, ол ауыл шаруашылығын, келешекте мал шаруашылығымен қатар, егін шаруалығын да дамыту міндетін қойды. Тұрғын үй және жол құрылысының көлемін арттырып, кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын жалғастыру, жұмыссыздық деңгейі мен инфляцияны азайту тапсырылды.

- Елбасы қойған басты міндет – экономиканы кем дегенде бес пайызға өсіру. Ол үшін облысымыздың әр ауданы барынша күштерін салып, қолда бар барлық қорларын жұмылдыру қажет, - деп түйіндеді облыс әкімі.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі