Бердібек Сапарбаев Ақтөбедегі жаңа әлеуметтік нысандарды қарап шықты

5 қаңтар, сенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласының жаңа әлеуметтік нысандарын қызмет бабымен аралады.

Украинка ауылында өңір  басшысы 300 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептің құрылыс барысын тексерді. Оқу орнының екі қабатты ғимараты балалардың оқу мен демалысқа, сонымен қатар, мәдени және спорттық білімге деген қажеттілігін ескере отыра жобаланған. Мектепте асхана, спорт және акт залдары бар. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жеделсаты мен автоматтандырылған пандус қарастырылған. Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, коммуникациялар жүргізілген. Нысан 2019 жылғы ақпан айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Білім беру басқармасының мәліметі бойынша осы жылы облыста 11 мектептің  құрылысы аяқталып, тағы алты жаңа мектеп, соның ішінде Ақтөбе қаласында, Темір, Қарғалы және Шалқар аудандарында тұрғызылмақ.

Жалпы, Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірдегі үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін 2020 жылға қарай шешу жоспарлануда.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Ақтөбе мұнай және газ колледжінің спорттық-сауықтыру кешенін қарап шықты. Бүгінде мұнда шаңғы жүретін жолы мен сырғанағы бар қысқы спорттық  база жұмыс жасайды, демалыс үйінің, спорт алаңының, жағажай аймағы мен т.б. құрылысы жүріп жатыр.

Кешеннің аумағын қарап шыққан облыс әкімі қаланың спорттық-сауықтыру инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Мұндағы табиғат – тамаша: талдар көп, ауасы таза, Қарғалы өзені жақын. Келешекте қаланың осы бөлігінде 400 мыңға тарта адам тұратын болады. Сондықтан, барлық мүмкіндікті барынша пайдаланып, сауықтыру мен демалуға көптеген жаңа орындар ашу керек»,-деді Б.Сапарбаев.

Заречный-3 ауылында облыс  әкімі жаңадан ашылған «Арлан» спорттық-сауықтыру кешенінде болды. Мұнда футбол  залы, таэквондо, грэпплинг, өзін өзі қорғау және қоян қолтық ұрыс, хореография, көркем және эстетикалық гимнастика секциялары мен т.б. бар. Кәсібін енді бастаған кәсіпкер  кешеннің құрылысына 100 млн теңгедей қаражат құйған. Күн сайын мұнда 400 адамға дейін шұғылдана алады.

Өңір басшысы осындай тез тұрғызылатын және үнемді спорт кешендерін жер-жерде, әсіресе қаланың шетінде және ауылдық елді мекендерде ашу керектігін атап өтті. Бұл бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеп, халықты әсіресе жастарды дене шынықтырумен және спорттың жаппай түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді.

 

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі