Бердібек Сапарбаев Ақтөбедегі негізгі жобалардың құрылысын тексерді

14 маусым, бейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласын қызмет бабымен аралап, бірқатар инфрақұрылымдардың, өндірістік және әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуын тексерді.

Атап айтқанда, өңір басшысы Жаман Қарғалы өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылыс барысын, АЗФ ауданындағы өтпежол мен 0-8 шақырымдық жердегі Ақтөбе-Орск автомобиль жолының қалпына келтірілуін қарап шықты. Сондай-ақ, Б.Сапарбаев 41разъезд ауданында автомобиль көпірінің құрылысы жүріп жатқан «Оңтүстік айналма» жобасының жүзеге асырылуымен танысты. Жолдың жалпы ұзындығы 13 шақырым. Жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу облыс орталығындағы және одан шығатын жол қозғалысын айтарлықтай жеңілдетеді. Облыс әкімі «Қарғалы» тұрғын үй алабындағы жаңа 1 және 1А шағын аудандарында «Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғын үйлер тұрғызып жатқан құрылыс компанияларының басшыларымен кездесті.

- Былтыр сіздер жақсы жұмыс істедіңіздер, ешқандай қаржылай қарыздарыңыз жоқ. Дегенмен, биыл құрылыс баяу жүріп жатыр, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына баспана беру жағы нашар. Ауа райы жақсы болып тұрған кезде күні-түні, демалыссыз, уақыт өткізбей жұмыс істеу керек. Біз өз кезегімізде қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етіп, инженерлік коммуникацияларды жүргізіп береміз, - деді облыс әкімі құрылысшыларға.

Бердібек Сапарбаев жауапты мемлекеттік органдарға қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге қолдау көрсетулерін тапсырды. Осы жылы Ақтөбе облысында 26 жаңа мектеп салынуда. Олардың 13-і жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. 1 қыркүйекте Авиатор шағын ауданында 900 орындық заманауи мектеп ашылады, бұл жақын жерлердегі мектептерді үш ауысыммен оқытудан құтылуға мүмкіндік беретін болады.

Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапасымен танысып шығып, бірқатар ескертулер жасады және оларды мердігер мекемелерге жоюды тапсырды. Өндірістік аймақта облыс әкімі бос тұрған кеуек бетон шығарушы зауытқа барды. Нысанның жаңа иесі жобаға 500 млн. теңге салып, кәсіпорынға жан бітіруді жоспарлап отыр. Ол іске қосылысымен 120 жұмыс орны ашылмақ.

Бұдан басқа, Б.Сапарбаев силикат өнімдерін шығаратын «Көктас-Ақтөбе» АҚ зауытының құрылысында болып қайтты. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 120 млн кірпіш. Өндірістік процесс толықтай автоматтандырылған және цифрландырылған, сондықтан мұнда небәрі 60 адам еңбек етпек. Жаңа зауыттың маңызды артықшылықтарының бірі - энергия ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік беретін қалдықсыз және экологиялық таза өндіріс. Жоба құны 7 млрд теңгеден асады. Зауыт іске қосылысымен облыстың силикат кірпішке деген ішкі қажеттілігі толықтай қанағаттандырылып, артығы көрші өңірлерге жеткізіледі деп күтілуде.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі