Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктерге еткен еңбектері үшін алғысын білдірді

20 қазан, сенбі күні Ақтөбеде Еңбек күнін мерекелеуге арналған өңірлік форум өтті. Шараға еңбек ардагерлері, өндіріс озаттары, "Еңбек жолы" өңірлік байқауының жеңімпаздары, энергетиктер, теміржолшылар, машина құрастырушылар, мұғалімдер, дəрігерлер мен өңірдің дамуына өз үлестерін қосып жүрген өзге де мамандық иелері қатысты.

 - Елбасы халыққа жолдаған жолдауында «адам еңбекқор, өз ісінің маманы болса, лайықты еңбекақысын алса немесе өз ісін ашып, дамытса ғана табысы өсетінін» атап өткен болатын. Ел Президентінің тапсырмаларын тиімді жүзеге асырудың арқасында біздің облыста еңбекшілер үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа кәсіпорындар ашылып, цифрлық технологиялар енгізілуде, жұмыс орындары ашылып жатыр. Жуырда жұмыс сапарымен келіп кеткен ел Президенті біздің өңірдің дамуына жоғары баға берді. Бұл барлық ақтөбеліктің бірігіп жұмыс істеулерінің нәтижесі. Сіздерге еткен еңбектеріңіз үшін рахмет, - деді облыс әкімі.

Өңір басшысы еңбекшілерді мерекелерім  ен құттықтап, оларды грамоталармен, мақтау қағаздарымен және ақшалай сертификаттармен марапаттады. «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінің «Үздік еңбек династиясы» аталымының жеңімпазы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының балқытушысы Беркін Баймулдин болса, «Өндірістің үздік жас жұмысшысы» болып «Қазақтелеком» АҚ электр монтері Олжас Сейдалы танылып, ал АЗФ-тің №2 балқыту цехының бастығы Әбілқайыр Сотқаров «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» атанды. 

Сондай-ақ, еңбек ардагерлері, «Еңбек жолы» байқауының қатысушылары және өндіріс озаттары да марапатталды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі