Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктердің әлеуметтік желілердегі шағымдарына жауап берді

4 қараша, сенбі күні облыс əкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе тұрғындарының əлеуметтік желіде жариялаған өзекті мәселелерінің шешімі бойынша көшпелі жиналыс өткізді.

Атап айтқанда, өңір басшысы жергілікті тұрғындардың шағымы бойынша тұрақты мекен-жайы жоқ және есірткіге тəуелді адамдардың мекеніне айналған иесіз қалған көлікжайлардың бос ғимараттары орналасқан Əуеқалашығы ауданында болды.

Жақын жердегі үйлерде тұратын тұрғындармен тілдескен Бердібек Сапарбаев олармен келісе отыра қала əкімдігіне көлікжайлардың көне ғимараттарын бұзуды тапсырды. Олардың орнына шағын саябақ салу жоспарлануда.

Сондай-ақ, облыс əкімі ауданның жол инфрақұрылымының жағдайын жақсартуды, нөсерлі кəріз бен балалар алаңдарының құрылысын қарастыруды міндеттеді.

Бұдан өзге, Б.Сапарбаев қаланың заңсыз сауда орындары орын алған Орталық базарында болды.

Өңір басшысы бей-берекет сауда нүктелеріне тосқауыл қою шараларын қолдана отырып, осы мәселені тəртіпке келтіруді, сонымен қатар, ҚР заңнамасын сақтау мақсатында азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі