Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктерді Наурыз мейрамымен құттықтады

Ақтөбе облысында Наурыз мейрамы кең ауқымда тойланып жатыр. Басты мерекелік шара Тұңғыш Президент саябағында өтуде. Мұнда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктермен бірге мерекелік қуанышты бөлісіп, Наурыз барлық ұлт пен ұлыстарға ортақ мереке екенін атап өтті.

- «Ежелден келе жатқан Наурыз мейрамы жаңарудың басы болып есептеледі. Аққа аузымыз жететін кез. Наурыз тойы тек ұлттың мерекесі емес, күллі ұлттардың, діндердің мерекесі. Өздеріңіз көріп отырсыздар, күннің суығына қарамастан мыңдаған адам жиналыпты. Мемлекет басшысының қолдауымен Қазақстан халқының əл-ауқаттының артуын қамтамасыз ету үшін көптеген шараларды жүзеге асырылуда. Біз, ақтөбеліктер, 2016 жылды барлық негізгі саяси-экономикалық көрсеткіштер өсімімен аяқтап, Наурыз мейрамын лайықты қарсы алудамыз. Наурыз қарсаңында Ақтөбеде əлеуметтік саланың жас қызметкерлері үшін жатақхана пайдалануға берілді. Жалпы ақтөбеліктердің игілігі үшін салынатын əлеуметтік, мәдени нысандар құрылысы əлі де жалғасатын болады. Облыс басшылығының атынан Наурыз мейрамымен құттықтап, əрқайсысыңызға денсаулық, бейбітшілік, жақсылық пен амандық тілеймін,-деп облыс əкімі Бердібек Сапарбаев жылы лебізін білдірді.

Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар наурыз айының ортасында басталған болатын. Барлығы мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылған. 22 наурыздан бері облыстың барлық елді мекендерінде халық тойлап жатыр. Тек Ақтөбенің өзінде қаладағы 7 алаң мен 5 ауылдық округте ұлттық ою-өрнекпен əшекейленген 75 киіз үй тігіліп, мерекелік бағдарлама ұйымдастырылған, ұлттық сал-дәстүр көрсетіліп, жарыстар мен спорттық ойындар өткізілді. Ақтөбедегі ең үлкен киіз үй ауылы Тұңғыш президент саябағында ұйымдастырылды: Əбілхайыр хан даңғылында Ғ.Жұбанова көшесінен 11 мөлтек ауданға дейін қаладағы кәсіпорындар 30 киіз үй орнатты. Мереке қонақтары 66 мейрамхана әзірлеген ұлттық тағамдардан дəм татты. Жалпы алғанда қалалықтар үшін 5 тонна бауырсақ пен 7 мың литр наурыз көже пісірілді.

Айта кетейік, Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Ресеймен шекаралас өңірлерде тұратын ақтөбеліктер Наурыз мейрамына арналған мерекілік іс-шараларды өткізбек.

Əйтеке би, Қарғалы, Мəртөк, Хромтау аудандары, сонымен қатар Ақтөбе қаласы мерекені тойлауға өз делегациясын жіберді.

21 наурызда облыстық филармония қызметкерлері, қазақ камералық хор Орынбор облысының Соль-Илецк қаласында концерт берді. Ресейдің бірнеше елді мекендерінде киіз үй тігіліп, театрландырылған көріністер қойылып, спорттық ойындар, ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі мен тақырыптық көрмелер өткізіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі