Бердібек Сапарбаев ақтөбелік полицияны халыққа жақын болуға шақырды

You are here

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы ішкі істер департаменті және жергілікті полиция қызметі жұмысы мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оған прокуратура, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік қызметі, облыстық сот басшылары, т.б. қатысты.

Облыстық ішкі істер департаменті және жергілікті полиция қызметі басшылары Махамбет Әбисатов пен Қанат Әлиевтың есептерін тыңдаған облыс әкімі полиция жұмысының тиімділігін бағалаудың негізгі өлшемі халықтың сенім деңгейі болып табылатынын атап көрсетті. БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланған полицейлерге қатысты шағымдарды талдағанда ішкі істер органдары қызметіне ақтөбеліктердің көпшілігінде теріс көзқарас қалыптасқаны байқалады.

- Жұртшылық тарапынан бізге келіп жатқан көптеген реніштер біздің облысымыздағы жергілікті полицияның өздерінің алдына қойылған міндеттерді жеткілікті түсінбейтіндігін көрсетеді. Полиция құқық тәртібіне қызмет етудің үлгісі болуы тиіс. Өкінішке қарай, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлерінің тәртібіне қатысты жұртшылық тарапынан сынға тартылған көптеген сюжеттер орын алуда, бұл ішкі істер органының беделін түсіреді.

Полиция қызметкерінің тәртібі, сөйлеу мәдениеті, оның сыртқы түрі үлгілі болуы тиіс, бұл тұрғындардың құқық қорғау органдарына сенімін бекіте түсуге ықпал етеді. Сіздер ылғи да қоғамға, оның қажеттіліктеріне және алдағы жайларға назар аударып отыруға тиіссіздер. Ең бастысы – полиция қызметкері кез-келген жағдайда адами қарым-қатынас пен құрмет көрсете білуі тиіс, - деді Бердібек Сапарбаев, жеке құраммен профилактикалық жұмысты, антқа адалдықты, тәртіпке бақылауды күшейту қажеттігіне назар аудара отырып.

Жергілікті полиция қызметінің жұмысына жұртшылық тарапынан көңіл толмаушылық байқалады. Облыстық ішкі істер департаментінің бұл құрылымы өз міндеттерін толық көлемде орындамай отырғаны атап көрсетілді. Мысалы, жергілікті полиция қызметіне қоғамдық тәртіпті қорғауда көзге түскен азаматтарды марапаттау кіреді, ал іс жүзінде бұл іске асып отырған жоқ.

- Демек, сіздер тұрғындармен жұмыс істемейсіздер және оларды қоғамдық тәртіпті қорғауға тартпайсыздар. Біздің қаламыз бен елді мекендеріміздің тұрғындары өз учаскелік инспекторларының бет-жүзін, олардың телефон нөмірлерін біле ме? Егер бұл тақырыпқа сұрау салу жүргізсек, халықтың көпшілігі теріс жауап беретіні анық. Бұл мүлдем дұрыс емес. Тәжірибе көрсеткеніндей, полиция қызметкерлерінің тұрғындармен тығыз өзара байланысы ғана оперативті жағдайға оң әсерін тигізеді,— деп атап көрсетті облыс әкімі.

Жергілікті полиция қызметі басшыларының осындай және басқа да кемшіліктері үшін жауапкершілігі ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп қаралатыны ескертілді.

Кеңес барысында ішкі істер департаменті және департаменттің бөлімшелеріне қатысты басқа да түйінді мәселелер қаралды. Олардың қатарында полицияның мектептегі инспекторларының жетіспеушілігі, Ақтөбе қаласындағы автомобильдер үшін айып алаңының жоқтығы, қоғамдық орындарда бейнеқадағалау камераларын ұлғайту қажеттілігі, тұрғындармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен кері байланысты қамтамасыз ету, сондай-ақ полиция қызметкерлерін кәсібилікке оқыту бағыттары бар.

Бердібек Сапарбаев ішкі істер органдары басшылығының назарын көктемгі-далалық жұмыстарды жүргізуге және малды жайылымдыққа шығаруға байланысты мал, техника және жанар-жағар май ұрлығы деректерінің жолын кесу бойынша жұмыстарды күшейту қажеттігіне аударды. Полиция учаскелік инспекторларының деструктивті діни ағымдарды жақтаушылар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейтуді қамтамасыз етуі, әкімшілік айыппұлдарды өндіру бойынша ықпалды шаралар қабылдауы, жеке құрамның жауынгерлік және физикалық дайындығын ұстап тұру мақсатында оқу, тренингтер өткізу, басқа аймақтармен тәжірибе алмасу, т.б. атқару тапсырылды.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының деректері ашылуына байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментімен бірлесе отырып ішкі істер департаменті қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық шаралар жүргізу жөнінде тапсырма берілді.

- Президенттің тапсырмасына сәйкес, ішкі істер органдарына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Жыл сайын материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту бойынша шаралар қабылдануда. Сіздердің барлық бастамаларыңызды біз де қолдап келеміз. Осындай қолдауларға ие бола отырып, сіздердің тараптарыңыздан да қоғамдық тәртіпті сапалы қамтамасыз ету түрінде тиісті қайтарым болуы тиіс,— деп түйіндеді кездесуді Бердібек Сапарбаев. Ол сондай-ақ аймақтағы барлық құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдар облыс тұрғындарына жоғары деңгейдегі заңдылықты, құқық тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тығыз өзара үйлесімдікте жұмыс істеуі тиіс деп атап көрсетті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы