Бердібек Сапарбаев Ақтөбенің мұғалімдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Әр жыл сайын 5 қазанда жүзден астам елдің ұстаздары 1994 жылы Дүниежүзілік мұғалімдер күні болып белгіленген төл мерекелерін атап өтеді.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Шығармашылық академиясында ұйымдастырылған салтанатты шара барысында облыстың білім беру саласындағы қызметкерлерін құттықтады.

- Мемлекет басшысы білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Президент Ақтөбедегі жұмыс сапары кезінде осы салаға қатысты барлық жайттарға - материалдық-техникалық базаны нығайту, жаңа білім беру мекемелерін салу, мұғалімдер үшін жағдай туғызу және оқулықтар мен әдістемелік әдебиеттердің қолжетімділігіне көңіл қойды. Мұғалімге қамқорлық - басты басымдықтардың бірі. Бұған экономикалық дағдарыс кезінде де мұғалімдердің жалақысының жыл сайын өсіріліп отырғаны - дәлел. Бүгін сіздердің аянбай жасайтын жұмыстарыңыз үшін алғыс айтамыз. Сіздерге денсаулық, шығармашылық табыс пен амандық тілеймін, - деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев құттықтау сөзінен кейін облыстың үздік ұстаздарын марапаттап, сыйлықтар табыс етті.

Жоғары нәтижеге қол жеткізген мұғалімдер «Ыбырай Алтынсарин», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерін алды. «Білім берудегі көшбасшы»  облыстық байқауының жеңімпаздары да ерекше аталып өтілді.

Сонымен қатар, облыс әкімінің атынан 19 мұғалім алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Іс-шараның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін қаланың шығармашылық ұжымдары мұғалімдерге сыйлық ретінде мерекелік концерт қойды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі