Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының дарынды балаларымен кездесті

Ақтөбе облысынң әкімі Бердібек Сапарбаев Астана қаласының 20 жылдығы және ҚР Тәуелсіздік күніне арналған шаралар аясында қала мен облыстың дарынды оқушыларымен жүздесті.

Шара Шығармашылық академиясында өтті. Оған мектептер мен колледждердің халықаралық, республикалық, зияткерлік, шығармашылық, спорттық байқаулар мен жарыстардың жеңімпазы атанған жүз оқушысы шақырылды. Өңір басшысы оларды алғыс хаттармен және ескерткіш сыйлықтармен марапаттады.

- Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда өзінің азаматтарына халықаралық стандарттарға сай заманауи білім алып, мәдениет, өнер мен спортта өздерінің дарындарын жүзеге асырулары үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Оған - еліміздің барлық облыс орталықтарында ашылған «Назарбаев зияткерлік мектептері», Астанадағы «Назарбаев университеті», «Болашақ» бағдарламасы дәлел. Аталмыш бағдарламаның арқасында мыңдаған қазақстандық жастар әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып жатыр,-деді жиынды ашқан аймақ басшысы.

- Біз сіздерді, осында отырған әрбір оқушыны, студентті мақтан тұтамыз.  Соңғы бірнеше жылдың ішінде үш мыңдай ақтөбелік түрлі халықаралық, республикалық байқауларға, олимпиадаларға қатысып, олардың мыңға жуығы жеңімпаз атанды. Сіздер жас болсаңыздар да туған жерлеріңізді, өз еліңізді танымал еттіңіздер. Сіздердің жеткен жетістіктеріңіз үшін ата-аналарыңыз бен мұғалімдеріңізге алғыс айтамын,-деді жастарға Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі білім саласына елеулі үлес қосқан ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтті. Бердібек Сапарбаев 12 мұғалімге «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерін, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын табыстады.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева халықаралық және республикалық жарыстарда көзге түскен оқушыларға алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтарын табыс етті.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі