Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы жылумен қамтамасыз ететін нысандардың жұмысын тексерді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы жылу мен электр энергиясының негізгі көзі болып табылатын «Ақтөбе ТЭЦ» АҚ-да болды.

Өңір басшысы жылу-электр станциясының ағымдағы жұмысымен және даму келешегімен танысты. Ағымдағы жылу маусымы  штаттық тәртіпте өтуде, жылу беру температурасы 85,3 градусты құрайды. Станцияның өндірістік қуаттылығын жаңартып, кеңейту мақсатында қуаттылықтары 25 МВт  болатын екі газ турбиналы қондырғыны, су бөгетін, ультрасүзгі қондырғысын және т.б. салуды қарастыратын 2022 жылға дейінгі инвестициялық бағдарлама бекітілген.

- Ең бастысы – қала тұрғындары жылуға қатысты ешқандай мәселені сезінбеулері үшін температуралық тәртіпті сақтап, апатсыз жұмысты қамтамасыз ету керек. Ол үшін ЖЭО басшылығы өз жауапкершілігіне алған, соның ішінде инвестициялық бағдарламалар аясындағы барлық міндеттерді толығымен орындауы тиіс, -деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Б.Сапарбаев Батыс-2 шағын ауданындағы қуаттылығы сағатына 36 Гкал болатын қазандықты қарады. Ауданда жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылдам салынып жатқандығына байланысты жұмыс жасап тұрған қазандықты кеңейту мәселесі қарастырылуда.

Бұдан басқа, өңір басшысы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ауданындағы өтпежолдың, Батыс-2 шағын ауданындағы тарихи-өлкетану мұражайының, Ақжар-2 ауылындағы 900 орындық жаңа мектептің құрылысы барысымен танысты.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі