Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы халық тұрмысына қажетті нысандардың жұмысымен және оқушылардың қысқы демалыс кезіндегі бос уақытының ұйымдастырылуымен танысты

3 қаңтар, сәрсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы бірқатар әлеуметтік және коммуналдық нысандардың жұмысымен танысты.

Атап айтқанда, өңір басшысы Нұр Ақтөбе тұрғын үй алабындағы  қуаттылығы 60 Гкал болатын орталық қазандықтың жұмысын тексерді. Тұрғын үй алабының дамып, тұрғындар санының артуына байланысты өткен жылдың қараша айында қосымша 96 Гкал қуаты бар нысанды кеңейту басталды. Жаңа қазандықты келесі жылыту маусымында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бердібек Сапарбаев «Трансэнерго» АҚ өкілдерінен қазандықтың қалай жұмыс жасайтынын және Нұр Ақтөбе шағын ауданы тұрғындарының әлеуметтік желілерде үйлерінің (№14,15, 20 және т.б.) салқындығына не үшін шағымданатынын сұрады.

- Бүгінде қазандық штаттық тәртіпте жұмыс жасап тұр, жылу беру температурасы 87 градусты құрайды, кері құбыр желісінде – 67 градус. Жылу беру температуралық кестеге сәйкес және толық көлемде жүзеге асырылады,- деді «Трансэнерго» АҚ басқармасының төрағасы Аманбай Сакиев.

№30 басқарушы компанияның басшысы Бақыт Махановтың айтуынша жекелеген үйлердің жылыту мәселесі көпқабатты үйлерді тиісті көлемде жылумен қамтамасыз ете алмайтын үй ішілік желілерге байланысты.

- Қыста жылу мәселесі болмауы керек,-деді аталмыш сауалды реттеуді Ақтөбе қаласының әкімдігіне тапсырған Б.Сапарбаев.

Облыс әкімі «Ақжар-2» 220/110/35/10 кВ қосалқы станциясының кеңейту барысымен танысып шықты. Жобаны жүзеге асыру сенімділікті арттырып, Нұр Ақтөбе шағын ауданының тұрғындарын үздіксіз энергиямен жабдықтауға мүмкіндік береді.

Әрі қарай Б.Сапарбаев Нұр Ақтөбе тұрғын үй алабындағы көппәтерлі үйлердің, сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан коттедждердің құрылысын қарап шықты.

Өңір басшысы Теннис орталығында болып, №32 мектептің он жасар оқушысы Зара Дәркенмен әңгімелесті. Жас спортшы тенниспен алты жасынан бастап шұғылданады және республикалық турнирлерде жүлделі орындарға ие болып үлгерген.

Өңір басшысы одан тенис орталығына дейін жету кезіндегі және қоғамдық көлікке байланысты проблемалардың бар-жоғын сұрады.

- Жоқ. Кейде ата-анам әкеледі, кейде таксимен немесе автобуспен келемін. Бұл жаққа 51 бағыттағы автобус жүреді. Әдетте көп күтуге тура келмейді - 15 минут, - деп жауап берді ол.

Бұдан басқа, аймақ басшысы оқушылардың қысқы демалыс кезіндегі бос уақытының ұйымдастырылуымен танысты. Атап айтқанда, ол №51, №53 және №60 мектептердің аумағында орналасқан мұз айдындарына барды.

- Қалада орта мектептердің аумақтары  мен адамдар көп жиналатын орындарда орналасқан елуден аса мұз айдыны бар. Олардың барлығы да демалыс және мереке күндері жұмыс жасайды. Мұнда конькиді 300 теңгеге жалға алуға болады. Сондай-ақ, қысқы демалыс кезінде балалар үшін мәнерлеп сырғанаудан жарыстар өтеді, 13 қаңтарда шаңғы жарысынан қалалық чемпионат пен хоккейден «Алтын шайба» турнирі басталады,-деп жеткізді қалалық спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі