Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласы тұрғындарының мәселесін жедел шешуді тапсырды

Облыс әкімдігінде Ақтөбе қаласын дамыту және көріктендіру жөніндегі жұмыс тобының қызметі қаралды. Осыдан бір ай бұрын өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен облыс орталығын санитарлық тазалау және көріктендіру, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысы және күрделі жөндеу, сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері бойынша үш жұмыс тобы құрылған еді.

16 шілде, дүйсенбі күні жұмыс топтарының басшылары қызметтерінің нәтижелері туралы есеп берді. Баяндамаларды тыңдап шыққан облыс әкімі жұмыс топтарының қызметін мақұлдап, қойылған міндеттердің жүзеге асырылуын жалғастыруды тапсырды. Жиын барысында қаладағы екі аудан әкімдіктерінің, қоқыс шығаратын ұйымдар мен 31 басқарушы компаниялардың жұмыстары қаралды. Олардың басшыларына қарамағындағы аумақтарға тәртіп орнату шараларын, ал жергілікті полиция қызметіне көріктендіру ережелерін бұзушылармен күресті барынша күшейту тапсырылды.

- Барлық бақылаушы органдар жұмысты күшейтулері тиіс. Бұл сондай-ақ, жергілікті полиция қызметіне де қатысты. Басқарушы компаниялар өздерінің резервтерін іске қосып, өздерінің тиімділіктерін дәлелдейтін уақыт жетті, - деп атап көрсетті өңір басшысы.

Облыс әкімінің орынбасары, көріктендіру жөніндегі жұмыс тобының басшысы Мавр Абдуллин мәлімдегендей, өткен айда міндеттерін орындай алмаған төрт басқарушы компанияның басшылары қызметтерінен босады. Бұдан басқа, М. Абдуллин есептік кезеңнің ішінде Ақтөбеде 30 мың шаршы метр жаяужол тақтайшалары төселгенін, бес субұрқақтың жөнделіп, қоқыс полигоны аумағының толықтай қоршалғанын хабарлады. Ақтөбе қаласындағы орталық базар мен оған іргелес аумақтардағы санитарлық нормалардың бұзылуын жоюда ауқымды жұмыстар атқарылды. Өңір басшысы тұрғын үй аулаларын көріктендірудің маңыздылығын еске салды.

- «Бақытты бала» жобасы аясында ойын және спорт алаңдарын орнатуды жалғастыру қажет, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов басқаратын жұмыс тобына әлеуметтік нысандар құрылысының, күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімінің сақталуын қатаң бақылауды жалғастыру тапсырылды. Биыл облыста кем дегенде 870 мың шаршы метр тұрғын үй мен 8000 жаңа пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Автомобиль жолдары құрылысы мен жөндеу, жаңа және тоқтап тұрған өнеркәсіп нысандарын пайдалануға беру мерзімдерін сақтауға қатысты да осындай тапсырма берілді. Жиынды түйіндеген облыс әкімі Ақтөбе қаласы әкімдігінен, өкілетті мемлекеттік органдардан, сонымен қатар, коммуналдық кәсіпорындардан қала тұрғындарының қазіргі маңызды мәселелерін, соның ішінде қоғамдық көлікке қатысты жұмыстарды жедел шешуді талап етті.

Айта кету керек, жуырда жаңа автобустарды белсенді түрде сатып алып жатқан «ПАТП» ЖШС үлгісімен «Автопарк» ЖШС да ілгері қадамдар жасамақшы. Тасымалдаушы компаниялардың өкілдері 55 жаңа автобус сатып алуға дайындық үстінде екендеріне сендірді. Бұл Ақтөбедегі қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесіне оң әсерін тигізу керек.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі