Бердібек Сапарбаев бағаны бақылауда жұртшылықты белсендірек тартуды тапсырды

You are here

Ақтөбе облысының әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында монополияға қарсы реттеудің өзекті мәселелері, сонымен қатар, облыс бюджетінің осы жылдың бес айы ішінде орындалуы және мемлекеттік сатып алу бойынша ағымдағы жағдай қаралды.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлнұр Масинаның баяндамасын тыңдаған өңір басшысы баға белгілеуді қадағалау мәселесіне зейін аударды. Азық-түлік, дәрілік заттар бағасы, медициналық және коммуналдық қызметтер құны – халықты алаңдататын мәселелер қатарында.

Облыс басшылығы бұдан бұрын да табиғи монополяларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне баға белгілеуді өзге де бақылау органдарымен және жұртшылықпен бірге тәртіпке келтіруді тапсырған болатын. Алайда аймақ басшысы департаменттің көңіл көншітер нәтижеге қол жеткізе қоймағандығын сын тезіне алды.

- Біздің депутаттарымыздың, қоғамдық ұйымдар басшыларының қатысуымен біз дәрілік заттар, сұйылтылған газ бағасын 15-20 пайызға төмендеттік, бірақ мұнда да резервтер бар,- деп Бердібек Сапарбаев сенімділік білдірді.

Сонымен қатар, облыс басшысы көкөніс бағасының өсуіне назар аударды. Мәселен, картоптың бір келісі 100 теңге, сол сияқты сәбіз де 100 теңге тұрады. Облыс әкімі тұрақтандыру қорын пайдаланумен қатар, өзге өңірлермен кооперацияны жақсартса көкөніс бағасы тұрақты болатынын айтты.

- Бірақ, ең бастысы – сауда ұйымдарының басшылары саудадағы бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу қажет. Олар сонымен қатар, әкімдікпен келісілген меморандумның барлық тарауларын сақтаулары тиіс. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға қосылатын үстеме баға 10 пайыздан аспауы керектігі ескертілген болатын,- деді Бердібек Сапарбаев.

Анықталған барлық заң бұзушылықтарды түпкілікті зерттеп, сотқа дейін жеткізуді талап еткен ол бағаның негізсіз өсуі мен бағалық сөз байласу келісімі бойынша деректерді анықтау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Табғи монополяларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне сондай-ақ, коммуналдық мекемелердің оларға ұсынатын тарифін көтеру негіздерін мұқият сараптауды тапсырды.

 

 

 

- Монополияға қарсы органдарға тарифтің көтерілуі бойынша хабарласса, олардың нақты негіздемелері болуы тиіс. Департамент тарифті көтеруден келетін кірістің қайда кететіндігіне талдау жасауы қажет. Қазір мен сіздердің тараптарыңыздан жүргізіліп жатқан мұндай жұмысты көріп тұрғаным жоқ. Кірістің кем дегенде үштен бір бөлігі коммуналдық кәсіпорынның материалдық-техникалық қорын нығайтуға, шығын мен апатты азайтып, сонымен қатар, жұмысшылардың еңбекақысын көтеру үшін бөлінуі керек,-деп атап өтті облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев бюджет қаражатының жұмсалуын қатаң бақылауды талап етіп, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне, аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдеріне қаржыландыру жоспарына сәйкес толық және тиімді игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Өңірде әлеуметтік нысандардың, жолдардың құрылысы, тұрғын үй алаптарын инженерлік инфрақұрылымдармен, елді мекендерді газ, су, электрмен жабдықтау және т.б. бойынша мемлекеттік сатып алуды жүргізу барысы жекелей қаралды. Бұдан бұрын өңір басшысы конкурстық рәсімдерді 1 маусымға дейін аяқтауды тапсырған болатын. Алайда, мемлекеттік сатып алулар бойынша басқарманың басшысы Дастан Амановтың айтуынша, бүгінгі таңда мердігер мекемелермен жиырма шақты нысан бойынша келісімшартқа қол қойылмаған. Олардың көбісімен жүргізілетін конкурс мерзімінің созылуы себебі — конкурстық рәсімдердің бұзылуынан туындауда. Облыс әкімі мерзім бұзғаны үшін ең алдымен мемлекеттік бағдарламалардың әкімшілері болып табылатын басқарма басшылары жауапты болатынын мәлімдеді.

Аймақ басшысы, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында тексеру комиссиясын тартумен мемлекеттік сатып алулар бойынша оқытатын семинарлар мен тренингтер өткізуді тапсырды.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Ақтөбе қаласындағы гүл бақтары мен аллеяларды абаттандыруды жалғастырып, сонымен қатар, елді мекендерді санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, ол жуырда ұйымдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың иелігіндегі барлық ғимараттар мен соларға қарасты аумақтардың санитарлық және абаттанандыру жағдайына қоғамдық бақылау жүргізілетінін хабарлады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы