Бердібек Сапарбаев Есет батырдың 350 жылдық мерейтойына дайындық жайын тексерді

1 қыркүйек, жұма күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Алға ауданында болып, Есет батыр монументінің құрылыс барысымен танысты.

Ұлы қолбасшыға арналған монумент «Туған жерге тағзым» акциясы аясында тұрғызылуда. Демеушісі – жобаны жүзеге асыруға 32 млн. теңге бөлген ақтөбелік кәсіпкер. Монументтің биіктігі 11,5 метр, жұмыс қыркүйек айының ортасына қарай аяқталады деп жоспарлануда.

Жаңа ескерткіш Ақтөбе облысының басты мәдени және тарихи көрнекі жерлерінің бірі – Есет батыр атындағы мемориалдық кешенінің бөлшегі болмақ. Бүгінде кешеннің құрамына батырды жерлеген жерде 1992 жылы салынған кесене, мұражай мен келушілерге қызмет көрсететін бірқатар ғимараттар бар.

Облыс әкімі мемориалдық кешен мен оның маңайындағы аумақтың жағдайын, сонымен қатар,  «Ақтөбе қалалық жол құрылысы» ЖШС-нің демеушілігімен жүзеге асырылып жатқан көлік кірмежолының ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

- Есет батыр монументі мен өзге де ілеспе жұмыстарды 10  қазанға дейін бітіру қажет. Өйткені күзде біз қазақ қолбасшысының 350 жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарлап отырмыз,-деп атап өтті өңір басшысы.

Сондай-ақ, өзінің жұмыс сапары кезінде Бердібек Сапарбаев Бестамақ ауылында да болды. Мұнда ол мемлекеттік-жеке серіктестік аясында салынып жатқан 50 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылыс барысымен танысты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша облыс аудандарында МЖС аясында 20 медициналық мекеменің, соның ішінде 11 дәрігерлік амбулаторияның, үш фельдшерлік-акушерлік бекеттің және алты медициналық бекеттің құрылысы жүргізілуде.

Әрі қарай Б.Сапарбаев аумағында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жаңа спорт кешені салынып жатқан Ақтөбе медресе-колледжінің жұмысымен танысты. Жобаның жалпы құны 50 млн. теңге. Қазіргі таңда медресе-колледжде 116 студент білім алып жатыр.

Бұдан өзге, облыс әкімі көкөніс пен бақша дақылдарын өсірумен айналысатын «Аманат» шаруа қожалығында болды.

 

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі