Бердібек Сапарбаев жер қойнауын пайдаланушылардан келісімшарт міндеттемелерін орындауды талап етті

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай келісімшарт міндеттемелерін орындау мәселелері жөніндегі мәжіліс аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өтті.

- Облыс аумағындабүгінгі күні 49 жер қойнауын пайдаланушы компания жұмыс істейді, олармен кәсіпорындардың қаржы, әлеуметтік және инвестициялық міндеттемелерін қарастыратын жетпіс келісім-шарт жасалды. Өкінішке қарай, талдауларға қарағанда, барлығы бірдей келісімшарттың шарттарын орындап отырған жоқ, - деді Бердібек Сапарбаев, жиынды ашқан сөзінде.

2017 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысына сай, қатты пайдалы қазбаларды өндіретін жер қойнауын пайдаланушылар жылдық жоспар бойынша қаржы міндеттемелерін 51%, ал көмірсутегі шикізатын өндіретін компаниялар - 85% орындаған. Индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Дархан Ермағанбетовтың хабарлауынша, әлеуметтік міндеттемелерді орындау мен инвестиция жөнінде де артта қалушылық байқалады.

Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігі ҚР Энергетика министрлігі мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен міндеттерін орындамаған компаниялармен келісімшартты бұзу тәжірибесін жалғастыратынын айтты.

Атап өтсек, жыл басынан бері төрт компаниямен бес келісім шарт бұзылған, 2016 жылы үш жер қойнауын пайдаланушы сегіз келісім шартынан айрылған болатын.

Бүгінгі күні индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, келісімшарт міндеттемелерін жүйелі түрде орындамайтын 24 компанияның жабылу қаупі бар. Атап кетсек, ҚР Энергетика министрлігіне «Ақтөбетермококс» ЖШС-мен келісімшартты бұзу жөнінде хат жіберілген. Одан басқа, ҚР Инвестиция және даму министрлігіне «Темір сервис» ЖШС және «Батыс Калий» ЖШС-не қатысты шаралар қолдану туралы өтініш берілді.

Жиын барысында жергілікті мамандарды оқыту мен қайта даярлау мәселесі жеке қаралды.

- «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңға сәйкес, осы салада жұмыс істейтін жекелеген кәсіпорындар жергілікті мамандарды дайындау және қайта дайындауды қаржыландыруды, соның ішінде,  білім алу ұйымдарының негізгі материалдық-техникалық базасын жақсарта отырып жүзеге асырады, -деп ескертті облыс әкімі жиналыс қатысушыларына.

Бүгінгі күні облыста 44 колледж жұмыс істейді, онда ақысыз техникалық және кәсіптік білім беруге көшу іске асырылғалы бері білім алушылардың саны көбейген, сонымен қатар, мамандықтар тізімі кеңейтілді.

Облыс басшысы жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын басшыларына колледж шеберханалары мен зертханаларын нақты өндіріске ыңғайлау үшін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге байланысты шараларды барынша қабылдауды тапсырды.

- Жер қойнауын пайдаланушыларға қойылатын басты талап – келісімшарт міндеттемелерін сақтау. Біз мұны қатаң бақылауда ұстаймыз. Сіздерге жүктелетін тағы бір міндет – ағымдағы жылдың қорытындысына сай, өндірістік көрсеткіштерге, соның ішінде, көмірсутегі шикізатын өндіруге байланысты бекітілген жоспарды орындау, - деді жиынды түйіндеген облыс әкімі.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі