Бердібек Сапарбаев жұртшылықты жастарға патриоттық және адамгершілік тәрбие беру ісіне бірігіп күш жұмсауға шақырды

Ақтөбеде облыстың білім беру ұйымдары қамқоршылық кеңестерінің алғашқы кеңейтілген отырысы өтті.

Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, қамқоршылық кеңес және ата-аналар комитеттерінің төрағалары, қоғам өкілдері, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдіктерінің басшылары қатысты.

Жиын жұмысын бастаған Бердібек Сапарбаев, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында жастарға патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселесіне ерекше назар аударылғанын айтты.

«Біз жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру саласындағы өзекті мәселелерді ашық талқылау үшін жиналып отырмыз. Бүгінгі күні ел Президентінің қолдауы арқасында білім беру саласына қомақты қаражат салынып жатыр. Осы жылдың өзінде аталмыш саланы қаржыландыру үшін 80 млрд теңге бөлініп, 32 мектеп салынуда, олардың 15-і биыл пайдалануға берілді. 2020 жылға дейін апаттық жағдайдағы және үш ауысымдық мектептер мәселелері шешілетін болады»,-деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар, өңір басшысының айтуынша, жасөспірімдер қылмысының көбеюі, дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуы, екпеден бас тарту секілді шешімін таппаған бірқатар мәселер де жоқ емес.

«Бұл жерде балардың тәрбиесімен тиісті деңгейде айналыспайтын ата-аналардың да, оқушыларына көңіл бөлмейтін мектеп директорларының да кінәсы бар. Аталмыш мәселелерді шешуде ата-аналардың, мұғалімдердің, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бірлесіп күш салуының арқасында ғана оң нәтижеге жете аламыз. Барлығымыз бірге балаларды дұрыс жолға бағыттап, туған жерге, салт-дәстүрімізге   ерекше қарауға, үлкендерге құрмет көрсетуге баулуымыз керек», -деді ол.

Сондай-ақ, өңір басшысы жастардың бойына салауатты өмір салтын қалыптастыру, оларды мәдениет, өнер мен спортқа тартуға ерекше тоқталды.

«Облыста көптеген жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Демалыс және мереке күндері олардың барлығы жұмыс істеп тұруы тиіс. Оқудан бос уақытында балалар спортпен, шығармашылықпен айналысып, үйірмелер мен секцияларға қатысулары керек», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, облыс әкімі қоғам және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне шет қалмай, өзекті мәселелер мен жастар проблемаларын жарыққа шығаруға белсенді түрде қатысуға шақырды.

Отырыс барысында Қамқоршылық кеңестердің қызметі мен олардың ЖОО және мектеп оқушыларына, олардың шығармашылық дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуларына қолайлы жағдай туғызу мәселелері талқыланды.

 Отырыс қорытындысы бойынша, облыстық Қамқоршылық кеңесі құрылып, оның құрамына қоғам өкілдері, білім беру саласының ардагерлері, білім беру мекемелерінің басшылары кірді. Осындай кеңестер облыстың әр ауданында да құрылатын болады.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі