Бердібек Сапарбаев мемлекеттік органдарға мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қатаң қадағалауды еске салды

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың, облыстық атқарушы органдар басшыларының қатысуымен мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалу сұрақтары жөнінде жиын өтті.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бүгінде облыста жүзеге асырылып жатқан оннан астам үкіметтік және мемлекеттік бағдарламалардың талдамаларын ұсынды.

Атап айтқанда, аумақтарды дамыту бағдарламасының өзінде жылдың қорытындысы бойынша 11 мақсаттық индикаторлар орындалмаған болуы мүмкін.

- Бұлар - ана мен нәресте өлімі,  жалпы тіркелген ШОБ субъектілерінің әрекет ететіндерінің үлесі, жүзден аса адам тұратын елді мекендердің автобус маршруттарымен қамтылуын қамтамасыз ету, рецедивті қылмыс және тағы басқалар бойынша көрсеткіштер, - деді О.Смағұлов.

- Мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалар – бұл Президенттің экономикалық дамуға едәуір әсер ететін тапсырмасын орындау. Мен әрбір департаменттен, басқармадан осы сұрақтарды қатаң бақылауда ұстауды сұраймын. Бағдарлама әкімшілерінің көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жүргізген  жұмыстары мен қабылданған шараларына ай сайын талдау жүргізу қажет,-деп тапсырды облыс әкімі.

Сондай-ақ, жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов Ақтөбедегі Орынбор облысы күндерінің алдын ала қорытындылары және кәсіпкерлердің өңірлік кеңесі туралы баяндады. 

- Форумдар, кездесулер ұйымдастырып, көптеген меморандумдарға қол қойып жатырмыз. Ең бастысы – бұның барлығынан облыс үшін, халық үшін нәтиже болуы тиіс. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қабылдаған шешімдер бойынша жұмыс жүріп жатқан жоқ. Мен, оны түзетуге екі апта беремін, - деді  Бердібек Сапарбаев баяндаманы тыңдап шығып.

Атап айтқанда, Хромтау бизнес-инкубатордың тиімділігін арттыру жұмыстарын күшейту, аймақтың басқа да аудандарында ұқсас құрылымдарды ашу, ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру қажеттігі баса айтылды. 

Жиын соңында облыс әкімі әлеуметтік кәсіпкерлік бағытындағы халықаралық форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасоваға, Ақтөбе облысы бойынша сұйытылған газды жабдықтаушылар қауымдастығының өкілі Алтынай Mұхановаға, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы филиалының төрайымы Күлшат Масалимоваға және осы ұйымның мүшесі Нұржамал Kүлекеноваға, кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржановаға алғыс хаттар табыс етті.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі