Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру туралы айтып берді

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтің Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары барысында партияның облыстық филиалының активімен өткізген жиын кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасын орындау бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты.

- Партияның бастамаларын жүзеге асыру аясында 67 ІТ-класты жабдықтап, интернет жылдамдығын арттыру және облыс мектептерінің компьютерлік жабдықтарын жаңарту жоспарлануда. Қазіргі уақытта, барлық денсаулық сақтау нысандары ақпараттық жүйеге қосылған. Ақтөбе қаласында «Цифрлық Қазақстан» аясында құны 2 млрд теңгенің әлемдік деңгейдегі маңызы бар IT-орталығының құрылысы басталды. Облыстың 25 өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жалпы құны 38 млрд теңгеге жаңартылатын болады, - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, партияның қолдауымен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жер мәселелерін шешумен айналысатын бизнеске көмектесу үшін гео-ақпараттық онлайн-порталы әзірленді.

Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін қолдану белсенді түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, заманауи жедел жәрдем станциясы, офтальмологиялық клиника, жекпе-жек сарайы іске қосылды және теннис орталығы, 2500 орындық мұз сарайы, жеңіл атлетикалық манеж құрылысы жүргізілуде.

- Бүгінде жеке инвестиция есебінен 36 млрд теңгеге барлығы 54 әлеуметтік нысан жүзеге асырылып жатыр,-деп атап өтті облыс әкімі.

Өңір басшысы басты назарды ҚР Президентінің халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге шақырған бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуына аударды. Осылайша, «7-20-25» бағдарламасы аясында 24 мың ақтөбелік баспаналы болады, 870 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 55 мың адам салық жүгін төмендету шараларымен қамтылады. 2800 орындық 8 жаңа жатақхананың құрылысы жоспарланып отыр. Кәсіпкерлікті дамытуға қосымша 2 млрд теңге бөлінді, бұл мыңдаған ақтөбеліктің өз ісін ашуына мүмкіндік беретін болады.

- Жалпы, Елбасының экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы тиімді орындалып жатыр. Биылғы жылдың бес айының қорытындысы бойынша барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі байқалды, экономика өсімі 4,5% деңгейінде болады деп күтілуде. Жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, ШОБ пен сауда салаларының қарқынды дамуының есебінен облыстың экономикалық өсімінің қарқыны 5%-ды құрайды, - деп сөзін аяқтады өңір басшысы.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі