Бердібек Сапарбаев Мұғалжар ауданының тұрғындарымен проблемалық сұрақтарды талқылады

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында Мұғалжар ауданының халқымен кездесу өткізді.

Жұмыс сапарына облыстық сот, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік кірістер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, ішкі істер департаменттерінің басшылары - Мұратғали Әкетай, Марат Қайбжанов, Марат Ирменов, Айбек Паяев, Қайрат Сүйінтаев пен өзге де ведомстволардың басшылары қатысты.

Қандыағаш қаласының халқымен кездесу мәдениет үйінде өтті.

«Біз елбасы тапсырмасының қаншалықты тиімді әрі сапалы орындалып жатқанын білу үшін келдік, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр және тұтастай алғанда халықтың мәселелері шешілуде. Өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы сізге таныс. Біз президенттің барлық тапсырмасын орындадық, облыс экономикасының дамуы 5% деңгейде, халықтың жағдайы жақсарып келеді. Көрсеткіштерді осы деңгейде сақтап қалу үшін қолда бар барлық қорлар мен мүмкіндіктерді пайдалану керек. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жыл қорытындысы бойынша өткен жылдағыдан төмен болмауы тиіс»,-деді облыс әкімі.

Өңір басшысы ағымдағы жылы Қандыағаш қаласында орта мектеп салу мәселесінің шешілгенін атап өтті. Облыста барлығы 11 жаңа мектеп салынып, тағы төртеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев аудан басшылығына ауылдық клубтарды жөндеу, жаңа мәдениет нысандарын салу, саябақтар мен алаңдарды жабдықтау шараларын қабылдауды тапсырды.

Аудан жұртшылығы Ақтөбе-Атырау көлік жолының қалпына келтіріле бастағандығы туралы жаңалыққа қуанды.

«Құрылыс жұмыстарына Түркия, Әзірбайжан, Италия елдерінің үш ірі компаниялары жұмылдырылатын болады. Екі мыңға жуық адам жұмыс орнымен қамтылса, оның 90 пайызы - жергілікті тұрғындар. Сіздерге шағын бизнесті, жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту үшін жол ашылады. Өңіріміз арқылы өтетін жолдардың дамуы мен құрылысы кемпинг, автосервис, кафе сала отыра пайда табуға жақсы мүмкіндік береді»,-деді облыс әкімі кездесу қатысушыларына қарата айтқан сөзінде.

Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарына ауылшаруашылық кооперативін, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін белсенді дамытуға, мемлекеттік бағдарламаларды барынша пайдалана отыра кәсіпкерлікпен айналысуға, сонымен қатар «Туған жерге тағзым» акциясы аясында туған өлкелерінің дамуына өз күштерін салуға кеңес берді.

Бұдан басқа, өңір басшысы жұмыс сапары кезінде Ақкемер және Сағашилі ауылдарының тұрғындарымен проблемалық сұрақтарды талқылады.

2016 жылдың қазан айында облыста мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР бас прокуратурасымен бірге «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша республикалық десант өткізілді. Өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында және 2017 жылдың сәуірінде алынған тәжірибелерді ескере отырып, жергілікті деңгейде тағы екі әскер ұйымдастырылды. Жобаның барлығы үш кезеңі ішінде 320 мың адамды қамтыған 5 мыңнан аса іс-шара өткізіліп, облыстың 12,5 мыңнан астам тұрғыны нақты көмек алды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі