Бердібек Сапарбаев мәжіліс депутаттарымен Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады

Сәрсенбі, 4 сәуір күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасының орынбасары Владимир Божко, мәжіліс депутаттары Омархан Өксікбаев, Иван Клименко, Кеңес Әбсаттаров, Евгений Козлов, Мейрам Пшембаев және Шавхат Өтемісов қатысты.

Жұмыс сапарымен келген депутаттар апта бойы Ақтөбеден тыс Ырғыз, Хромтау, Алға, Әйтеке би, Мұғалжар, Мәртөк, Қобда және Ойыл аудандарының елді мекендерін аралап, жергілікті халықпен, кәсіподақтар өкілдерімен және басқа да ұйымдармен кездесті.

Кездесу барысында Бердібек Сапарбаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру туралы әңгімеледі. Ол сондай-ақ Парламент Мәжілісі депутаттарына атқарылған жұмыстары үшін алғыс айтты.

- Сіздер шалғайдағы елді мекендерге бардыңыздар. Сіздермен бірге  жасаған жұмыс жан-жақты және ауыл шаруашылығы, бизнес және әлеуметтік салаларын қамтыған шаралар жемісті болды. Сіздер сондай-ақ Елбасы тапсырмаларының жергілікті жерде орындалу барысымен таныстыңыздар. Аймақта бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру үшін жұмыс топтары құрылды. Біздің басты міндетіміз - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын арттыру. Алдын ала деректер бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыстың экономикалық өсімі 4,5% құрады. Жыл қорытындысында біз экономикалық өсімге кем дегенде 5% жетуге ниеттіміз, - деді Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде, парламент депутаттары облыс әкіміне өңірдегі жұмыс сапарын ұйымдастырудың жоғары деңгейіне және берілген көмекке ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар, тараптар Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты бірқатар мәселелерді талқылады.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі