Бердібек Сапарбаев су тасқынынан зардап шеккендерге көмектескен барлық ақтөбеліктерге алғыс айтты.

Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайды ескерту және болдырмау бойынша облыстық комиссияның отырысы кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көктемгі су тасқынының нәтижесінде зардап шеккендерге көмек көрсеткен еріктілерге алғыс сезімін білдірді.

- Бүгін мен су басқан учаскелер мен эвакуациялау бекеттерін аралап жүріп, ақтөбеліктердің орын алған жағдайға селқос қарамай, қолдарынан келгенше қолдау көрсетіп жатқандарын көрдім. Әсіресе демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер мен ұжымдарға, сонымен қатар еріктілерге – ешкімнің бұйрығынсыз, мәжбүрлеуінсіз көмек көрсетуге белсене ат салысып жүрген жастарға айтар алғысым шексіз. Осындай жағдайларда біздің кез келген қиындыққа төтеп беретін бірлігіміз көрінеді,— деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы зардап шеккендердің арасында жергілікті ЖОО мен колледждердің студенттері бар екендігін еске салды. Ол отырысқа шақырылған оқу орындарының басшыларына шәкірттерін әлеуметтік көмектен тыс қалдырмауларын сұрады. Жұмысшыларына жан-жақты көмек көрсету бойынша осыған ұқсас тапсырма бірқатар кәсіпорындарға да қойылды.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен БАҚ арқылы тарап жатқан су тасқыны жөніндегі түрлі бұрмалаушылықтарға қатысты өз пікірін білдірді. «Халық дұрыс, шынайы ақпарат алуы керек» деп атап көрсетті ол.

- Соңғы уақытта БАҚ-та, әсіресе әлеуметтік желілерде жуырда су басу қаупі болатындығы туралы жалған ақпарат таралып жатыр. Мен тағы да қайталаймын, қаланы су баспайды!-деп сендірді өңір басшысы.

Облыс әкімі жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын ескертті.

- Халықты құр қауесетпен дүрліктірмеңіздер. Егер қандай да бір ақпарат қажет болса, облыстық, қалалық штабтарға, қалалық комиссияға хабарласыңыз! Орын алған жағдайда жалпы жауапкершілік болуы қажет, соның ішінде журналистер де өз жұмысына жауапкершілікпен қарасын,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі