Бердібек Сапарбаев Темір ауданының тұрғындарымен кездесті

19 жетоқсан, сейсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Темір ауданында болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуымен танысып, тұрғындарымен кездесті.

Түске дейін өңір басшысы Темір қаласындағы 400-ден аса бала оқып жатқан С.Бәйішев атындағы орта мектепте болды. Ғимарат биыл күрделі жөндеуден өткен. Осы мақсатқа облыс бюджетінен 17 млн. теңге бөлінді. Қазақ-орыс тілдерінде білім беретін мектеп физика, химия, биология, информатика кабинеттерімен жарақтанған, интерактивті сыныптар бар. Оқу орны «Samruk-Kazyna Trust» қорының «Менің елім» жобасы аясында қажетті спорт құралдарымен жабдықталған.

Сондай-ақ, облыс әкімі негізі 1870 жылы қаланған шіркеудің қалпына келтіру барысын қарап шықты. Бұл - облыстағы ең көне ғимараттардың бірі, сәулет ескерткіші болып табылады.

Бердібек Сапарбаев Кеңқияқ ауылында осы жылдың қыркүйек айында ашылған 250 орындық «Зере» балабақшасының қызметімен және қырық орынға арналған жаңа хостелдің жұмысымен танысты.

Бердібек Сапарбаев ауыл клубында тұрғындармен кездесіп, халықты кәсіпкерлікпен, ауыл шаруашылығымен, соның ішінде суармалы егіншілікпен белсенді түрде айналысуға шақырды. Аудандағы елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, еңбекақыны көтеру және жаңа мәдениет үйін салу мәселелері талқыланды.

Өңір басшысы түстен кейін Шұбарши ауылында болып, 140 орындық балабақшаның қалпына келтіру барысын тексерді және ауыл халқымен кездесті.

Жүздесу кезінде облыс әкімі жергілікті халыққа облыстың  2017 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде айтып өтті. Ауыл тұрғындары автокөлік жолдарын жөндеу, медициналық пункт пен спорт ғимараттарын салу сұрақтарын көтерді.

Бердібек Сапарбаев кездесуде айтылған барлық сұрақтардың бақылауға алынып, жоспарлы түрде орындалатынын атап өтті.

Бұған қоса, облыс әкімі ауылдықтарды кәсіпкерлікпен айналысып, ауылшаруашылығын дамытуға, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қолдау мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырды.

- Ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бар. Кеңқияқ пен Шұбаршида олар пайдаланылып жатқан жоқ. Бұл бағдарламалар ауылды жұмыспен қамтуға, азаматтарды әл-ауқатын жақсартуға зор мүмкіндік береді, тек ниет болса болғаны, ерінбей, мемлекеттің көмегін пайдалану керек,-деп атап өтті аймақ басшысы.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі