Бердібек Сапарбаев тұрақты түрде жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеруді тапсырды

Ақтөбе облысының әкімі тиісті мемлекеттік органдарға жолдарда бақылауды күшейтуді, сонымен қатар, тұрақты түрде жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеруді тапсырды.

«Ақтөбе облысы халықаралық көлік ағыны өтетін транзиттік өңір болып табылады.  Болашақта осындай жағдайды болдырмау үшін көлік бақылау инспекциясы, жергілікті полиция қызметі көлік прокуратурасымен бірлесе осы бағыттағы жұмыстарды күшейтулері керек. Біздегі қалааралық және халықаралық тасымалмен айналысатын барлық автобустарды тексеру қажет», -деді Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігінде өткен жиын кезінде.

Сондай-ақ, өңір басшысы Ырғыз ауданындағы автобус өртенген жерде жұмыс жасаған барлық шұғыл және жедел қызметтерге кәсіпқойлықтары үшін алғысын білдірді.

«Құтқару қызметтері, медицина қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жұмылдырылған барлық мемлекеттік органдар тәулік бойы үйлесімді әрі жедел түрде жұмыс істеді. Сол үшін сіздерге көп рахмет, ең алдымен Өзбекстан тарапынан. Біздің тарапымыздан оларға жан жақты қолдау мен көмек көрсетілді. Бұл сұрақ бірінші күннен бастап-ақ, мемлекет басшысының жеке бақылауында»,-деп атап өтті облыс әкімі.

Бұдан басқа, Б.Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы Медициналық жедел жәрдем ауруханасына барып, автобустағы өрттен зардап шеккендермен жүздесті.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі