Бердібек Сапарбаев экономикалық өсімге қол жеткізу үшін басшыларға жеке жауапкершілік жүктелгендерін ескертті

20 желтоқсан, сәрсенбі күні Алға ауданында өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің көшпелі отырысы өтті.

 Облыс әкімінің орынбасарлары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысқан жиын барысында өңірдің 2017 жылдың 11 айы ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметовтың айтуынша есептік кезеңнің ішінде барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілген. Өнеркәсіп өндірісі 4,6%, құрылыс секторы 13,9%, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 19,8% өсті. 16,5 мыңнан аса жұмыс орындары құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8% сақталған.

Ауыл шаруашылығындағы өсім 3,9% құрады. Атап айтқанда, жалпы құны 183,5 млрд теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндірілген. Ірі қара мал басы 5,2%, ұсақ мал басы 2,7%, жылқы 7,4%, түйе 1,6% және үй құсы 19,9% көбейді. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары асыра орындалған. Бұл туралы облыстың агроөнеркәсіп кешенінің дамуы мен 2018 жылға жоспары туралы есеп берген ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай мәлімдеді.

Оның айтуынша осы жылы өңірде 512 мыңнан астам тонна  астық жиналып, өнім гектарына 13,2 центнерді құрады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жерді құнарландыру жұмыстары күшейтілді: қолданылатын минералды тыңайтқыштар көлемі 2,5 есе өсіп,  1,7 мың тоннаға дейін жетті. Шаруа қожалықтары 2017-2018 жылдардың қыс мезгіліне 2,2 млн. тонна мал азығын жинаған. Құрылған 170 –тен аса ауыл шаруашылығы кооперативтері 2000 тоннадан аса ет, 3000 тонна сүт, 1228 тонна көкөніс пен 465 тонна басқа да өнімдер өндірді.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығын, соның ішінде суармалы егіншілікті, мал шаруашылығын, егіс алқаптарын дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Айта кетейік, 2018  жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңын 15% -ға 754,1 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.

«Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Бизнестің жол картасы 2020», «Ақбұлақ», «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» және т.б. мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асырудың арқасында қарқынды жүргізіліп отырған құрылыс саласын дамыту жеке қаралды. Осыған байланысты құрылыс материалдарымен тоқтаусыз қамтамасыз ету жағы аса өзекті мәселе болып тұр. Тапшылықтың алдын алып, қазақстандық мазмұндағы үлесті арттыру үшін негізгі құрылыс материалдарын өндіру мен пайдалану балансы жасалды.  Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов аталмыш құжатқа сай, облыстың жергілікті өндірістің құрылыс материалдарымен 80% қамтылғанын жеткізді.

Сондай-ақ, жиын кезінде Алға ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Аудан әкімі Нағымжан Алдияров өнеркәсіп секторындағы өндірістің 5,9%, ауыл шаруашылығы өндірісінің 4,4 % артқанын айтты. Жыл басынан бері 600-ден аса жұмыс орны құрылған, ал жұмыссыздық деңгейі 1,3% құрады. 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер балабақшамен 100%  қамтылған.

Жиын соңында Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлікті дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешу мен мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына баса назар аударып, бірқатар тапсырымалар берді. Оның бастысы– жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімін 5% деңгейіне жеткізу.

- Біз бұл міндетті өзімізге  өңірдің экономикалық әлеуетін ескере отырып алдық. Яғни, бізде барлық мүмкіндіктер бар, тек адал еңбек етіп, жоспарланған мақсаттарға қол жеткізуді күн сайын бақылау қажет. Тапсырма орындалуы керек. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу барысына әрбір басшы жеке жауап беретін болады,-деді отырысты түйіндеген облыс әкімі.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі