Бердібек Сапарбаев қоғамдық тасымалдау саласында тәртіп орнатуды талап етті

Ақтөбе қаласындағы жолаушылар тасымалы саласының проблемалық мәселелері талқыланған жиын облыс әкімдігінде аймақ басшысының төрағалығымен өтті.

- Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде қоғамдық көліктің жұмысына жиі шағымданады. Ақтөбеліктер қозғалыс аралығының сақталмауына, автобустардың жай-күйіне, жүргізушілер мен кондукторлардың мінез-құлқына шағымдануда. Кешке қарай автобустар ерте тоқтайтындықтан, адамдар барар жеріне жете алмайды, - деді облыс әкімі жиын басында.

Қаладағы 50 бағыт бойынша қызмет көрсететін «Автопарк» ЖШС мен «Ақтөбе қаласының Жолаушылар тасымалы кәсіпорны» ЖШС өкілдері аталған мәселелерді жоққа шығармайды. Олар бұндай жағдайдың орын алуын көліктердің техникалық жағынан тозуы мен қаражаттың автопаркты жөндеуге және жаңартуға жетіспейтіндігімен түсіндірді. Қалалықтарға қызмет көрсетуге тиіс 433 автобустың орташа есеппен  күніне 310 автобусы ғана бағытқа шығады.

Бұдан басқа, бұл саладағы өзекті мәселе – қоғамдық көлік жүргізішілерінің жетіспеушілігі.

- Бір автокөлікке 14-тен 16 сағатқа дейін көлік жүргізуге мәжбүр болатын бір ғана жүргізуші бекітілген. Осы ауыр жұмыс тиісті бағаланбай отыр. Бұл мәселені шешу үшін жүргізушілердің жалақысын көтеріп, олардың ауысыммен жұмыс жасауын ұйымдастыру қажет, - деп атап өтті қала басшысы Ілияс Испанов.

Ол, сондай-ақ, жолаушылар көлігін басқаруды жетілдіру бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Солардың ішінде, жолаушылар ағыны мен әр бағыттың тиімділігін анықтайтын электрондық билет жүйесін енгізу арқылы жолақасының нақты құнын белгілеу ұсынылды. Бұл, өз кезегінде, тасымалдаушылардың қаржылық жағдайын нақты бағалауға және көлеңкелі бизнестің көлемін азайтуға мүмкіндік береді.

Атап өту керек, қоғамдық көліктегі жол жүру бағасы елімізде Ақтөбеде ғана ең арзан, яғни 55теңге, республика бойынша жолақы 80-90 теңге көлемінде болып отыр. 2018 жылы арнайы құрылған жұмыс тобы тарифтерді көтеру мәселесін қарастырмақ.

Облыс әкімі жол жүру бағасының өсуі тасымалдаушы барлық шарттық міндеттемелерді орындаған жағдайда ғана мүмкін екенін атап өтті.

Бердібек Сапарбаев уәкілетті органдарға тасымалдаушылардың келісімшарттық міндеттемелерін орындауын қатаң бақылауды және қоғамдық көлік саласына тәртіп орнату бойынша толыққанды шаралар қабылдауды тапсырды.

Жиналыс барысында жаңа әлеуметтік нысандардың, әсіресе Шығармашылық Академиясының, «Олимп» хоккей модулінің, Жекпе-жек сарайының, «Жұбановтар әлемі» мұражай-үйінің  және Өнер орталығының тиімді пайдаланылуы туралы сөз болды.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев бүгінгі күні жоғарыда аталған  нысандардың барлығы белсенді түрде пайдаланылып жатқанын атап өтті. Мәселен, «Олимпте» 600-ден астам бала қысқы спорт түрлерімен айналысады, Шығармашылық Академиясында 34 секция мен үйірмелерге 3000-ға жуық бала қатысады, ал «Жекпе-жек сарайында» республикалық және халықаралық деңгейдегі онға жуық спорттық жарыстар өткізілген.

Жиын соңында Қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйентаеваның облыс бюджетінің 2017 жылға арналған күтілетін атқарылуы туралы есебін тыңдады.

21 желтоқсандағы есеп бойынша кіріс бюджетін нақты орындау 100% құрады. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жыл қорытыланғанша қаржының игерілмей қалуына жол бермеуге уәде берді.

- Жыл соңына дейін игеру 99,9 пайызға жетеді деп күтілуде, - деді Г.Сүйентаева.

Облыс басшысы күнделікті бюджет қаражатының жұмсалуын мұқият қадағалауды талап етіп, бюджеттік бағдарламалар әкімшіліктеріне, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне бюджетті толық және тиімді игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі