Бердібек Сапарбаев: әрбір ересек адамның жеке бас жетістігінде оның ұстаздарының үлесі бар

Жыл сайын қазан айының бірінші жексенбісінде ҚазақстандаҰстаздар күні тойланады. Өнер орталығында ұйымдастырылған салтанатты шара кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі білім беру саласының қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады.

Ол мұғалім мамандығы әлемдегі ең маңызды әрі құрметті мамандықтардың бірі екенін атап өтті. Әрбір ересек адамның жеке бас жетістігінде оның ұстаздарыныңүлесі бар. Мұғалім әрбір адамға білім нәрін құйып, ойлауға және пайымдауға үйретеді.

- Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарып отырған біздің мемлекет білім саласын дамытуға аса мән береді. Бұған Елбасының жуырдағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауы дәлел. Онда мұғалім мәртебесі туралы заңды әзірлеу міндеттелген, - деді Б.Сапарбаев. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облысында білім беру саласын дамытудың, соның ішінде материалдық-техникалық базаны жақсартудың ауқымды шаралары жүзеге асырылуда.

- Тек осы жылдың өзінде 26 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 15-і биыл оқушыларды қабылдайды. 2020 жылға қарай үш ауысымдағы және апаттық жағдайдағы мектептердің, сонымен қатар мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі орын жетіспеушілігі мәселесі шешіледі. Құрметті ұстаздар, сіздердің кәсіби мерекелеріңіз күні еңбектеріңіз үшін алғыс айтып, зор денсаулық, шығармашылық табыс пен отбастарыңызға амандық тілеймін, - деді өңір басшысы жиналған ұстаздар қауымына.

Құттықтау сөзінен кейін Бердібек Сапарбаев педагогикалық қызметтің ардагерлері мен үздік педагогтерге сыйақылар мен марапаттар тарту етті. ҚР Білім және ғылым министрлігі байқауының қорытындысы бойынша «Үздік педагог – 2018» атағына ие болған бес ұстаз марапатталды. Олардың қатарында облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп интернатының математика пәні мұғалімі Орынбасар Саржанов, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп интернатының биология пәні мұғалімі Гүлназ Мыңжасарова, облыстық арнайы есту қабілеті бұзылған балалар мектеп интернатының дефектологі Гүлсім Қаражанова, Хромтау қаласындағы №6 гимназияның информатика пәні мұғалімі Ботагөз Қыдырбаева мен Ақтөбе политехникалық колледжінің оқытушысы Алмагүл Мұқашева бар.

Сондай-ақ, облыстық «Үздік педагог-2018» байқауының тоғыз жеңімпазына 100 мың теңге көлеміндегі сертификаттар табыс етілді. Тағы 22 мұғалімге 50 мың көлеміндегі сертификаттар табысталды. Бұдан басқа, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Каринова облыстағы екі мұғалімге «Ы.Алтынсарин», үш мұғалімге «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін, 53 мұғалімге ҚР БҒМ құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын табыс етті.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі