Бердібек Сапарбаев өңірдегі ірі кәсіпорындардың ұжымдарымен кездеседі

You are here

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі ірі өндірісітік компаниялардың бірі «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ басышылығымен және жұмысшыларымен кездесті. Кездесуге сонымен қатар, облыстағы кәсіподақ орталығының төрағасы Түрікпенбай Айжарықов та қатысты.

Өңір басшысы қатысушыларға облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, халықты жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламардың жүзеге асырылуы, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысы, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қолданылатын іс-шаралар, Ақтөбе қаласын абаттандыру туралы ақпарат берді.

-Ең бастысы - 2016 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында Елбасының, соның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты тапсырмалары орындалды. Өңіріміздің экономикасы ең алдымен өнеркәсіпке, өңделетін мұнай мен газға байланысты. Бұл өнімге деген сұраныстың төмендеуіне қарамастан, статистикалық мәліметтерге сәйкес, біз экономика өсімін 101 %-ге жеткіздік. Президенттің, Үкіметтің қолдауының, түрлі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол берілген жоқ,-деді Бердібек Сапарбаев.

Кездесу барысында «АХҚЗ» АҚ басқарма төрағасы Алексей Химич 2016 жылы орындалған өндірістік бағдарламалар мен ұжымдық келісімшарттың есебін берді.

Оның айтуынша, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында кәсіпорын алдына қойған мақсат-міндеттеріне толықтай қол жеткізді. Есептік кезеңде 34 млрд. теңгенің өнімі өндірілген, бұл дегеніңіз 2015 жылға қарағанда 8,5 млрд. тек артық деген сөз. 1,3 млрд.-тан астам теңге табиғатты қорғау шараларына бөлінді. Қазақстандық итауарлар мен қызметтердің салыстырмалы салмағы 60 % өсті. Облыстық әкімдікпен жүзеге асырылған ШОБ дамыту бойынша серіктестік бағдарламасының нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерімен жалпы сомасы 24 млрд. теңге болатын 340 келісімшартқа қол қойылды, бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Алексей Химич орташа еңбекақы мөлшерінің 116 мың теңгеге өскенін хабарлады. Кәсіпорында барлығы 2 200 адам еңбек етеді.

«АХҚЗ» АҚ басқарма төрағасы Бердібек Сапарбаевтан бірқатар мәселелерді шешіп беруін өтінді. Атап айтқанда, зауыт жұмысшылары кәсіпорынға апарар жолды жөндеп беруін сұрады. Облыс әкімі тиісті органдарға аталған мәселені қарап шығып, тиісті шараларды қолдануды тапсырды.

Бердібек Сапарбаев компания басшылығына ұжымдық келісімшарттың барлық шарттары мен тармақтарының орындалғаны үшін алғыс айтып, 2017 жылға жаңа тапсырмалар берді.

-Жұмыс орындарының әрі қарай сақталуы үшін барлық қажетті іс-шараларды қолданып, еңбекақыны мерзімінде беруілеріңізді, өндіріс көлемінің төмендеп кетуіне жол бермеулеріңізді сұраймын,-деген облыс әкімі кәсіпорын басшылығын мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті қолдап, дамытуға және корпоративтік әлеуметтік міндеттемелер аясында зауыт жұмысшыларының баспанамен қамтылу мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.

Кездесу облыс әкімдігі, облыстық кәсіподақ орталығы мен «АХҚЗ» АҚ басшылығы арасында жұмысшылардың еңбек қатынасын реттеу мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері туралы үшжақты меморандумға қол қоюмен аяқталды.

Айта кетейік, өңір басшысы осындай кездесулерді аймақтағы өзге де ірі кәсіпорындармен өткізуге ниетті.

 

«Ақтөбе ақпарат» орталығы

Жаңалықтар таспасы