Бердібек Сапарбаев 15 қазанға дейін барлық ақтөбеліктерді жылумен қамтамасыз етуді тапсырды.

Тапсырма облыс әкімдігінде, 2017-2018 жылдардардағы жылыту маусымын өткізу туралы мәселелер қаралған жиналыста көтерілді.

- 15 қазанға дейін көп қабатты үйлердің барлығында жылу қосылуы керек. Жылыту маусымын өткізуге жауапты басшылардың жеке жауапкершіліктері жөнінде ескертемін.  Аудан әкімдері әлеуметтік нысандарға жылу берілу жағдайымен, сондай-ақ сұйық және қатты отын қорының жеткілікті екеніне сол жерлерде жүріп, жеке танысулары керек, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Дастан Амановтың айтуынша, 6 қазандағы мәліметтерге сай облыс тұрғындарының 67%, мектептердің 90%, балабақшалардың  97 %  және денсаулық сақтау нысандарының 94% жылумен қамтамасыз ету жүйесіне қосылған, оның ішінде Ақтөбеде 944 үйге (56%), 49 мектепке (98%), сондай-ақ барлық медициналық мекемелер мен балабақшаларға жылу берілген.  

Облыстағы энергия көздерінің жанармай қоймаларында 38,5 мың тонна көмір (100%) мен 3,2 мың тонна дизель отыны (жылыту маусымына сұраныстың 80%-ы) дайын. Дизель отынын жеткізу Байғанин және Ырғыз аудандарында баяу жүргізілуде.

Өңір басшысы сұйық отын қорын толықтыруды жеделдету, сондай-ақ қазандықтарды резервтік қоректендіру көздерімен (қазіргі уақытта 62,2%) қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.

Қыс мезгіліне дайындықтары туралы аймақтағы барлық ірі коммуналдық кәсіпорындардың басшылары есеп берді.

Айта кетейік, ағымдағы жылы коммуналдық инфрақұрылым объектілерін дайындау үшін кәсіпорындар мен жергілікті бюджеттен 8,3 млрд. бөлінді. Бүгінгі күні жөндеу жұмыстары 239,5 шақырымдық жылу жолында (100%), 273,6 шақырымдық электр желілерінде(103%) жүргізіліп, 638 қазандық (100%) дайындалды, жақын арада 331,5 шақырымдық сумен жабдықтау және су тарту жүйелерінінің  жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде (6 қазандағы мәліметтер бойынша 318,5 шақырым немесе 96% жөнделді).

Кездесу барысында егін жинау науқанының нәтижелері де қаралды.

2017 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 656 мың гектарды құрап, 14% -ға артты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Құсайын Сәрсенбайдың мәлімдеуінше, 512 мың тоннадан астам астық жиналған.  Алынған егін өнімі - гектарына 13,2 центнер.

 Тұтастай алғанда, егін жинау науқаны жақсы қарқынмен және төтенше жағдайларсыз өтті. Қазіргі кезде келесі жылғы егін егу науқанына дайындық үшін топырақты өңдеп, қысқы дақылдарды егу жұмыстары аяқталып қалды.

Баяндаманы тыңдаған соң облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасының алдына бірқатар міндеттер қойды, соның ішінде жемшөп дайындауды жалғастыру, келесі маусымға даярланған тұқымдық материалдың сапасын тексеру, топырақтың дұрыс өңделіп, тыңайтқыш себілуін қамтамасыз етуді, егістік және суармалы жерлерді көбейтуді, ауылшаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін және кооперативтерді дамытуды тапсырды.

«Біз келесі жылы облысты жергілікті көкөніс, ет және сүт өнімдерімен толықтай қамтамасыз етуге тырысуымыз қажет», - деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысы бюджетінің ағымдағы жылдың тоғыз айы бойынша орындалу мәселелері де талқыланды. Облыстық қаржы басқармасының мәліметінше, есептік кезеңде өңірдің бюджеті табыс бойынша 105% -ға орындалды, іс жүзінде 72 536,7 млн. теңге түсті. Бюджеттің шығыс бөлігі 150 929,2 млн. теңгені құрап, 99,1%-ға орындалды.

Бердібек Сапарбаев бюджет қаражатын жұмсауды қатаң қадағалауды талап етіп, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне қаржыландыру жоспарларына сәйкес толық және тиімді игеруді қамтамасыз етулерін ескертті.

Сөз соңында облыс әкімі «Туған жер» республикалық форумы барысында жасалған келісімдер мен меморандумдардың орындалуын үнемі бақылауда ұстауды да тапсырды.

Белгілі болғандай, Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы бойынша ұйымдастырылған осы аттас форумның қорытындысы бойынша 76 млрд. теңгеден астам соманың жиырмаға жуық меморандумына қол қойылды, сонымен қатар форум қатысушылары өңірдің дамуына 5 млрд. теңгеге демеушілік көмек бағыттамақ.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі