Бесінші Еуразиялық экономикалық форум

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев орынборлық әріптесі Юрий Бергпен кездесті. «Орынбор-2015» деп аталған бесінші Еуразиялық экономикалық форумға арнайы барған Бердібек Мәшбекұлы Ресей мен Қазақстанның кәсіпкерлерімен де пікір алмасып, жоғары деңгейдегі кездесулер өткізді. Жалпы, бесінші жыл қатарынан өтіп отырған экономикалық форум азаматтық қоғам мен бизнес қауымдастықтарды тоғыстыратын және еуразиялық интеграция қазанында қайнап жатқан мүдделерді байланыстыратын алаңға айналып үлгерді.

Орынбор - қазақ жұртына жат емес. Ежелде елдің астанасы болған шахар бүгінде Ресейдің өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қатар дамыған ірі орталығы. Экономикалық және жағрафиялық орналасуы бойынша Орынбор Еуразияның жүрегіне баланады. Сондықтан да биыл бесінші жылға ұласқан Еуразиялық экономикалық форум қанатын кеңге жайып, қатысушылардың саны артқан. Жан-жақтан жиналған сарапшылар, кәсіпкерлер ортақ мүдде үшін бас қосып, пікір алмасып, сауда-саттықтың жайын талқылайды. Бұндай ауқымды шарадан ақтөбеліктер де қалыс қалған емес.

НҰРЛЫБЕК МҰҚАНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты орынборлық әріптесі Юрий Бергтің құшақ жая қарсы алуы - заңдылық. Ауылы - аралас, қойы-қоралас жатқан өңірлердің ортақ мүдделері көп. Шекарасының өзі мың шақырымға созылатын екі өңірдің саудасы, алыс-берісі, барыс-келісі толастаған емес. Бізде Ресей капиталының үлесі бар үш жүздей біріккен кәсіпорын табысты еңбек етіп жатыр. Ал, ақтөбелік ірі бизнес субъектілері орынборлықтарға танымал. Еуразиялық экономикалық форумның  көрмесіне де Ақтөбенің табысты компанияларының өнімдері шығарылды.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг көрмеге шығарылған кәсіпорындар өнімі және қызметімен мұқият танысты. Қазіргі мүмкіндіктері мен болашақтағы жоспарларын тыңдап, келелі кеңестерін де берді. Мәселен, Орынбор әуе жолдары компаниясына Ақтөбе мен Астананы Ресеймен байланыстыратын жаңа бағыт ашу туралы ұсыныс айтылды. Ал, Ақтөбеде жасалатын бағдаршамдарға енді солтүстік көршілерімізден тапсырыс түсуі де бек мүмкін. Құрылысты өздері жоспарлап, салып және басқаруда жақсы жетістіктерге жеткен Дастан компаниясының тәжірибесі де ресейліктерді қызықтырды. Ал, құрылыс саласына қажетті өнімдер қарқынды дамыған Орынбор үшін құнды.

ЮРИЙ БЕРГ, ОРЫНБОР ОБЛЫСЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ

Біздің халқымыз ежелден тығыз байланыста. Еуразиялық одақ сол байланысты нығайтып, бірқатар кедергілерді жойды. Мәселен, кеденшілерді алып тастадық, экономикалар қарыштап дами бастады. Көптеген бірлескен кәсіпорындар ашылды. Бізде өндірілетін құрылыс материалдары Ақтөбеде жоғары сұранысқа ие.

Еуразиялық экономикалық форумда талқыланған мәселер ауқымды. Білікті сарапшылар үш күн бойына кәсікерлерге білгенін үйретіп, тәжірибелерімен бөлісті. Ұлттық валютасы құнын жоғалтып, Еуропаның қыспағына түскен Ресейдің қазір өз өндірісін дамытуға мүмкіндігі ашылды. Сондықтан да, жұмысшы мамандықтары қадірлі. Орынбор облысының губернаторы да форум аясында үздік механиктерді, дәнекерлеушілерді марапаттап, көкке көтерді.

Түйіткілді мәселелердің түйіні форумның қорытындысы іспетті жалпы отырыста тарқатылды. Қазақстан мен Ресей, Беларусь елі мен Армения, алыстағы Ауғанстанның өкілдері сөз алып, пікір алмасты. Мәселен, Ақтөбенің мүмкіндіктері мен әлеуеті зор. Елдегі қоғамдық саяси тұрақтылық, инвесторларға қолайлы жағдай, салық және басқа да салалалардағы жеңілдіктер Ақтөбеге, жалпы Қазақстанға қызығушылықты арттыра түседі. Оның үстіне қос облыстың басшысы бір-бірін көптен бідетіндіктерін айтты.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Қазіргі ұрпақ, қазіргі билік ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан байланысты жалғастыруға міндеттіміз. Ал, Еуразиялық одақ бізге қосымша мүмкіндіктердің көзін ашты. Біздің басшыларымыз осы одақты құрған уақытта екі елдің аймақтарына мән берді. Облыстар байланысса, мемлететтер жақындаса түседі. Қазір жеті жүздей кәсіпорынның үш жүзінде ресейдің үлесі бар. Біз әріптесіммен бірге біріккен кәсіпорындардың санын арттыруға күш саламыз. Біздің облыстың байлағы мен мүмкіндіктері баршаға белгілі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әзірге тек шикізет өндіруге басымдық беріп, өңдеу саласы кенжелеп қалған біздің облысқа ресейлік кәсіпкерлердің келуін құптады. Орыстың мыс компаниясына Құндызды кен орнында кен байыту комбинатын салу ұсынылған. Алтындыдағы инвесторларға да қойылған талап осы. Ауыл шаруашылығы саласын өрлетуге де қайта өңдеу кәсіпорындары қажет.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Біздің елде инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Қазақстанның заңдарына сәйкес инвесторлар корпоративтік табыс салығынан 10 жылға, жер салығынан да 10 жылға, ал мүлік салығынан 8 жылға босатылған. Сонымен қатар, инвесторлар зауыт салса, ол жұмысын бастаған уақытта шығынының 30 пайызын мемлекет өтейді.

Ақтөбеде жуырда ғана инвесторларға қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұндай тың бастама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту, инвесторларды қызықтырудың басты құралы. Ресейлік тарап Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың баяндамасын жоғары бағалап, екі облыстың мүмкіндіктері көрсетілген  ақпарат алмасудың қажет екендігін атап өтті. Сонымен қатар, Бердібек Машбекұлы орынборлық әріптесіне шекарадағы өткізу бекеттеріндегі қызметкерлердің жұмысын ширату туралы ұсыныс айтты. Өйткені, шекарадан өтетін халық дәл осы ресейлік шекарашылардың жайбасарлығынан уақыт жоғалтады.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Мен барлығыңызды 27-қараша күні Ақтөбе өтетін инвестициялық форумға шақырамын. Біздің мүмкіндіктерімізді көріп, кәсіпорындар өзара ынтымақ орнататын жиын қос тарап үшін де маңызды боларына сенімдімін. Ақтөбе үшін Орынбордың маңызы жоғары.

Алқалы жиында Ресейдің, Беларусь елінің, Армения мен Ауғанстанның өкілдері де сөз алып, өзара байланысты нығайту, Еуразиялық интергация жолындағы кедергілерді болдырмау жөнінде пікір алысты. Бүгінде әлем назарын аударған Еуразиялық одақтың да басты мақсаты - құдай қосқан көршілердің қиындық пен қуанышты қатар бөлісіп, ілгерілеудің даңғыл жолын бірге таңдау болатын. Бұл жолғы форум мақсаты осы.

Қосылды: 
16.11.2015 - 09:48
Соңғы өзгерiстер: 
29.08.2016 - 17:29