Б.Сапарбаев Ақтөбе облысын көгалдандыру жұмыстарын белсендірек жүргізуді тапсырды

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігіндегі отырыста күзгі ағаш отырғызу барысы туралы талқыланды.

Кездесуді ашқан облыс әкімі күзгі көгалдандыру туралы тапсырманың толықтай іске асырылмай отырғандығын атап өтті. Бүгінгі күні облыста 29 мыңнан астам түрлі ағаш көшеттері отырғызылған, бұл жоспарланған жұмыс көлемінің 37,8% құрайды.

Ақтөбе облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Нұржан Аққұлдың баяндамасына сәйкес, биылғы көктемде 84 мыңнан астам ағаш егілген, ішнара тексеру бойынша, олардың жерсініп, өсіп кету деңгейі 80% -дан асады.

Өңір басшысы тексерулердің нәтижелеріне күмән келтірді.

-Егер көшеттердің 50% аман қалса - жақсы. Көрсеткен деректеріңізді мұқият  қайта тексеруіңіз керек. Бұлардың барлығы құр есеп! – деп Бердібек Сапарбаев сенімсіздік білдірді.

Сондай-ақ, облыс әкімі жергілікті орман тәлімбақтарының тиімділігін арттыруды, ағаштарды жаңадан егуді, көлік жолдары бойындағы орман алқаптарында бұталар отырғызып, ретке келтіруді талап етті.

Биылғы жылы ірі елді мекендердің айналасына жасыл белдеу орнату жұмыстары аясында 1000 гектардан астам жер көгалдандырылды. Бұл жоба Байғанин, Мұғалжар, Әйтеке би және Хромтау аудандарында жеткіліксіз жүргізіліп отыр. Осыған сай аймақ басшысы аталмыш аудан әкімдеріне жағдайды түзетуді тапсырды.

«Ағашты отырғызу – басқа шаруа. Көшеттерге күтім жасау мен олардың өсіп жетілуін нақты бақылау керек», - деді облыс басшысы жиналғандарға.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі