Б.Сапарбаев: Біздің басты міндетіміз – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету

Халықты жұмыспен қамту, бостандыққа шыққан, соның ішінде рақымшылыққа іліккен тұлғаларды жұмыспен қамту, сондай-ақ, кәсіпорындардағы жұмыссыздық және жалақы берешегіне жол бермеу мәселесі облыстық әкімдікте өткен кездесуде талқыланды.

-Біз жиналысты арнайы жыл басында өткізіп отырмыз. Біз тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін қандай жұмыс атқаруымыз керек екенін қазір шешіп алуымыз керек. Басты міндетіміз – қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қалыптастыру,-деді Бердібек Сапарбаев облыстағы күштік құрылымдардың, мемлекеттік органдардың басшыларына, ірі компаниялардың өкілдеріне қарата айтқан сөзінде.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы ҰҚК, сыбайластыққа қарсы және ішкі істер органдарымен бірлесе жасаған операция нәтижесінде өңірдегі кен орындарындағы мұнайды заңсыз ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілген болатын. Ұрланған мұнайды сатып алушылар мен ірі ұйымдастырушылар, көлік жүргізушілері ұсталды. Заңсыз жолмен табылған қаражат мұнай құбырлары өтетін Байғанин, Темір және Мұғалжар аудандарында тұратын дәстүрлі емес дін өкілдерінің негізгі табыс көзі болған. Заңсыз мұнай айналымымен айналысқан тұлғалар өз қызметтерін толықтай тоқтатты.

Қазіргі таңда арнайы операцияға байланысты қызметін уақытша тоқтатқан кәсіпорын өз жұмыстарын қайта қалпына келтірді.

Бас прокуратураның мәліметі бойынша, мұнайды заңсыз тасымалдауға Байғанин ауданының тұрғындары үшін жалғыз табыс көзі болып саналатын мұнай тасығыш көліктері пайдаланылған. Осыған байланысты, Бердібек Сапарбаев мұнай тасығыш көлік иелерін жұмыспен қамту үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, орналастыруды тапсырды.

Бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде дәстүрлі емес дінді ұстанушылар мен ауыр және аса ауыр қылмыстар саны азайды.

Облыстағы ІІД басшылығы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық заңына байланысты өңірдегі қылмыстың көбейіп кету қаупі бар екенін айтты. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметі бойынша жуырда 546 адам, оның ішінде облыстың 330 тұрғыны бостандыққа шығады.

Өңір басшысы оларды әлеуметтік бейімдеу бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырды. Жұмысмен қамту орталықтары олардың әрқайсысына жұмыспен қамту мен қайта оқытудың түрлерін ұсына отыра, кеңес беретін болады. Құқықтық сауаттылығын жоғарылату мақсатында бостандыққа шыққан әрбір азаматқа жұмысқа орналастыру туралы ақпарат беріледі. Оларды жұмысқа орналастыру үшін 160 квота және 260 бос жұмыс орындары бар. Рақымшылыққа іліккен азаматтар такси жүргізушісі, экскаватор мен автокран машинисті, жөндеуші слесарь, газ-электр дәнекерлеуші,

аспазшы, сатушы болып жұмыс істей алады. Бұған қоса, 2017 жылы 757 адамды қайта оқыту үшін 219 млн теңге қарастырылған.

-Біздің басты міндетіміз – олардың әрқайсысын бейімдеп, жұмысқа орналастыру. ІІМ-мен, ҚАЖК-мен бірлесе барлық мәселені шешіп, әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жасауымыз керек. Сонымен қатар, оларды бақылауда ұстаған жөн. Бастысы - қылмыстың өсуіне жол бермеу,- деп тапсырды облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі